19.03.2018, 16:08
Қараулар: 285
Елі еркелеткен Айсұлу

Елі еркелеткен Айсұлу


Облыста алғаш болып әжелер ансамблін құруға мұрындық болған, елге сыйлы, мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Айсұлу Молдашқызы 80 жасқа толды.


Аталмыш  шараға аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева қатысып, мерейтой иесін аудан әкімі С.Әлиевтің атынан құттықтап,  алғыс хат пен естелік сыйлықты табыс етті. Айсұлу Молдашқызының Тасқала ауданында еңбек еткен жылдарынан бейнебаян көрсетілді.

Ия, елі еркелеткен, Ақжайықтың айдай сұлу Айсұлуы 1938 жылы киелі Атыраудың Қошалақ ауылында  дүние есігін ашқан. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, еліне өнерімен танылған ол алғашқы еңбек жолын кітапхана қызметінен бастайды.

Одан соң киелі сахнада актриса болып Қаракөз рөлін сомдаса, артынан 80 жылдан астам тарихы бар ауданымыздың айнасы болған «Екпін» газетінде еңбек етті. Кейін  аудандық мәдениет бөлімінде қызмет ете жүріп әжелер ансамблін құрды.

  1974 жылдан 1988 жылға дейін он төрт жыл бойы «Мир» кинотеатрының директоры қызметін атқарды.

Халық театрының сахнасында жарқырай көрініп, актрисалық қырымен де танылды. Еңбегі еленіп «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ветеран-Ардагер» медальдарымен, облыстық мәдениет басқармасының, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бүгінде  үлкен тәрбие мектебіне айналған «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблі  Айсұлу Молдашқызының еселі еңбегінің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Сол кезді Айсұлу апа:

-«Мир» кинотеатрында директор болып жасап жүрген кезімде «Аналар алқасын» құрып, отбасы, әйелдер қауымының мәселелерін қаузап, жиі бас қосатын едік. Осындай бір шараға қатысқан тележурналист, марқұм Ботагөз Баймұқанқызы ансамбль құру туралы ұсыныс айтты. Осылайша ойламаған жерден  «Ақ тілеудің» іргетасы қаланды. Басында сегіз адамнан құрылған ұжым күн санап артты. Ал ансамбль болған соң оның өзіне тән ұлттық киімі болу керек. Сондықтан оны да өз қаражатымызға тігіп кидік. Алайда кимешек тігуге келгенде көп қиындық туындады. Қаладағы тігіншілерге  кимешек тіктірмек түгілі  оның не екенін түсіндіре алмай кері қайттым. Содан алғашқы үлгісін қағазға түсіріп, өзіміз жасап шығардық. Сынаптай сырғыған уақыттың жүйріктігі соншалық,  бүгінде оған  аттай отыз жыл уақыт  өтіпті.  Осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерді. Адам деген осы дүниенің бес күндік қонағы ғой, бастапқыдағы мүшелері дүниеден өтіп, құрам ауысты, -деп терең тебіреніспен  еске алды.

«Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамблі  тек өнер ансамблі емес. Кейінгі буын үшін өмір мектебі десе де болады. Өмір көрген, ақыл түйген аға буын ретінде кейінгі буынға өмірдің қыр-сырын айтып, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді үйретіп отырады. Бұдан басқа да жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығымен таныстыруда, ауданға ат басын тіреген танымал тұлғаларды қарсы алуда да әжелеріміздің орны ерекше.

Ия, А.Елжанова бастаған әжелер ансамблі 1991 жылы Қаратөбе ауданы Мұхит совхозында өткен Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойына қатысып,  «Айнамкөз», «Зәуреш» әндерін нақышына келтіре орындап, халықтың көңілінен шықты.  Тіпті көршілес Ресейдің  Астрахань, Саратов облыстарына гастрольдік сапармен барып, ұлттық дәстүрімізді насихаттауға атсалысты. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында «Ақ тілеу» әжелер ансамблі  1993 жылы халықтық атағын қорғады. Бір сөзбен айтқанда осындай дәрежеге жетуге  Айсұлу Молдашқызының еңбегі зор.

Жан жары Қайыр ағамен екеуі отбасын құрып,өмірге бір қыз бен екі ұл әкелді. Оларды өсірді өндірді. Жоғарғы білім алуларына жағдай жасады. Бүгінде сол бауыр еті балаларынан тараған алты немере мен жиен, сегіз шөберенің ортасында ақылын айтып, солардың қызығына бөленіп отырған жайы бар. Тек бір өкініштісі жан жарынан ерте айырылғаны,   оған қоса үлкен ұлының да о дүниелік болғаны жанына қатты батады.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ