3.04.2018, 17:03
Қараулар: 111
Сессия жұмысы марапатпен басталды

Сессия жұмысы марапатпен басталды

Аудан әкімі С.Әлиевтің қатысуымен аудандық мәслихаттың кезекті ХХІІ сессиясы өтіп, оған мекеме басшылары мен округ әкімдері қатысты. Сессия барысында алдымен  Санжар Жұматайұлы жерлесіміз Әлібек Сытдықовқа «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағын  салтанатты түрде табыс етті.


Басқосуға әр жылдарда ауданды  басқарған  Т.Сапаров, Р.Карин, Б.Шакимов пен С.Оразов та қатысты. Алғаш болып сөз алған аудан басшысы қонақтарға қош келдің білдіріп, Әлібек Бақтыгерейұлына аталмыш марапатты табыстады. Оның аудан өмірі үшін жасаған еңбек жолын тізбектей келе, құрылыс саласындағы қырық жыл уақыты текке өтпегенін тілге тиек етті.

  • Еңбегіңіз еленіп жатыр деп есептеңіз. Сіздің ауданымыз үшін жасаған жұмысыңыз бүгінде өз жемісін беруде. Осыған орай тұрғындар атынан алғыс білдіріп, отбасыңызға береке тілеймін,- деді С.Әлиев.

Бұдан бөлек, аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимовтың есебі назарға алынды. Өз сөзінде Сансызбай Бақтыгерейұлы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

  • Аудан мәслихатының тұрақты комиссия отырыстары ұйымдастырылып, онда атқарылатын жұмыстар талқыланып келеді. Мәслихат депутаттарының кез-келген мәселені тиянақты қарап, талқылап отыратынын айтып өткен жөн. Әсіресе, әлеуметтік, құқықтық жағдайларға байланысты мәселелер өзекті болып табылады. Өткен жыл бойынша барлығы 12 сессияда 61 мәселе қаралды. Соның ішінде: Тасқала ауданының даму бағдарламасының орындалуы туралы аудан әкімінің, жергілікті полиция қызметі басшысының, аудандық ішкі саясат бөлімінің діни экстремизм мен терроризмның алдын алу туралы, аудандық білім бөлімінің білім саласын жетілдіру бойынша 2016-2017 жылдарда атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. 2017-2018 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары, 2018-2020 жылдарға арналған бюджет бекітілді. Сондай-ақ, былтырғы жылы  еңбек ардагерлері Ғ. Хисаметдинов пен А.Жұбанышевқа, биыл  М.Амирханов пен өздеріңіз көріп отырғандай Ә.Сатдыковқа   «Тасқала ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.Сонымен қатар, ауданымызда достық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Саратов муниципалды ауданының басшысы Иван Бабошкин «Тасқала ауданының Құрмет грамотасымен» марапатталды,- деді С.Рахимов өз сөзінде. Мұнымен қоса сессияның күн тәртібінде аудандық экононмика және қаржы бөлімінің басшысы Л.Тастамбекованың «2016-2020 жылдарға арналған Тасқала ауданының аумақтық даму бағдарламасының орындалуы» туралы баяндамасы тыңдалды. Ал аппарат басшысы М.Мырзаш Тасқала ауданы әкімдігінің дербес құрамынының өзгеруіне келісім беру туралы ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Мүсәлімованың «Тасқала ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасы» туралы баяндамасы назарға алынды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА