5.04.2018, 13:03
Қараулар: 364
Жаңа мүмкіндіктер жасалуда

Жаңа мүмкіндіктер жасалуда

Аудан əкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның төрайымдылығымен тұрғындар мен кəсіпкерлерге əлеуметтік медициналық сақтандыру туралы кеңінен түсіндіру отырысы өтіп, оған «Медицина орталығы » ЖШС директорының емдеу жұмыстары бойынша орынбасары Е.Муканов арнайы қатысты.


Басқосуға қатысқандарға әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызы түсіндірілді. Бұл жөнінде Ерлан Мақсотұлы айтып өтті.

  • Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін жоғары жауапкершілікті қамтамасыз етуге, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімді болуына мүмкіндік береді. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке тұлғалар жарна төлеуден босатылады. Жұмыс берушілер үшін жарна төлеу тәртібі өзгерген жоқ. 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдан бастап — 2% болады. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының иелері де осы тәртіппен төлейді. Жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады,- деді өз сөзінде Е.Муканов.Жиынға арнайы қатысқан БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары А.Тұйғынбетов «Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акцияны тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталмыш акция еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдауымен пайда болған.
  • Қызметкердің құқықтық сауатсыздығын пайдалана отырып, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді болдырмау үшін жұмыс беруші еңбек келісімшартынсыз немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмысшылардың еңбегін пайдаланады. Соңғы екі жыл ішінде еңбек инспекторлары осындай кәсіпкерлердің 30-дан астамын әшкереледі. Олардың қатарында құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбектенетіндер кездеседі. Бұл ретте, аталмыш акция адамдарды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу жұмыс берушіге де ауқымды әсерін тигізетінін ескертеді, — деді.

Сондай-ақ БҚО бойынша көші-қон полиция бөлімшесінің бастығы Е.Қаиров жиынға қатысушыларға атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті. Ербол Тоқжанұлының айтуынша, азаматтарды жаңа мекенжайға тіркеу кезінде тіркеу кітабын, мекенжайдан кету парағын талап ету мүлдем жойылған. Қазір мекенжайға тіркеу үшін үй иесінің жеке куәлігі және тіркеуге келісімі талап етіледі.

Аталмыш жиын Ақтау және Амангелді ауылдарында жалғасып, тұрғындардың жеке сұрақтарына да жауап берілді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА