5.04.2018, 14:28
Қараулар: 370
Сақтансаң, сақтармын деген…

Сақтансаң, сақтармын деген…

Аудан әкімі С.Әлиевтің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын-алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс кеңейтілген V отырысы өтті.


Оған аудан прокуроры М.Изимов, аудан әкімінің орынбасарлары мен комиссия мүшелері, сондай-ақ барлық мекеме ұйым басшылары мен ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер, мектеп директорлары қатысты.

Жиынды ашқан аудан басшысы Санжар Жұматайұлы атқарылған жұмыстарды пысықтап, жиналғандарды алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды.  -Наурыз айында мөлшерден артық түскен қалың қардың салдарынан  бүгінгі таңда біздің аудан қиын жағдайға тап болып отыр. Осыған орай  ауданда біркелкі шаралар қолға алынып, су басу қаупін сейілту, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында  тиісті жұмыстар атқарылды. Ендігі мақсат ауа-райының күрт жылынып және алдағы күндері жаңбырдың күтілуіне байланысты жұмысты одан әрі күшейтіп, су кететін аймақтарды мұқият бақылауға алу. Қазіргі таңда аудан бойынша ең қауіпті деген 8 аймақ бекітіліп, оған әр мекемеден    кезекшілік қойылды. Егер қауіпті жағдай туындаған уақытта  штабтың арнайы қосылған  телефондарына хабарласып, жағдайды баяндап тұру қажет. Біздің мақсатымыз төтенше жағдайлардың алдын алып, елді қауіптен аман алып қалу. Сондықтан ауданда су басу қаупі сейілгенше барлық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасайтын болады-деді аудан әкімі Санжар Жұматайұлы. Одан әрі  төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Шауенов есеп берді.

Мади Такирұлының айтуынша,    бүгінгі күнге қардың қалыңдығы 38 см болса, Деркөл өзеніндегі мұз қалыңдығы  35, кей жерлерде 58 сантиметрге дейін жетіп отыр.

Жалпы 10 наурыздан бастап 27977 текше метр қар шығарылып, республикалық маңызы бар жолдардағы 54, облыстық жолдардағы 80, аудан жолдарындағы  56, барлығы 190 су өтетін тұрбалар толықтай тазартылған. Осы жұмыстарды атқаруға 519 адам жұмылдырылып, 59 арнайы техникалар тартылған. 4900 шаршы метр мұз кесілген.

-Қазіргі таңда қар шығару жұмыстары тоқтатылып, арнайы кезекшілік ұйымдастырылды.

Бірлік ауылынан бастап Нариман бағына дейінгі су жүретін жолдар тазаланып, өзенде 17950 мың шұңқыр қазылды. 16000 арық тазаланып ең қауіпті деген 5150 метр жол жиегі топырақпен көтерілді.13070 метр канал қазылды. Осының барлығына 32 тонна жанар жағармай жұмсалды. Жұмыстарды жүргізу үшін аудан бюджетінен 8 млн  теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда ол толықтай игерілді. Қатер төнген жағдайда адамдарды орналастыратын эвакуациялық  пункттер де дайын-деді өз сөзінде М.Шауенов.

Сонымен қатар ауданда  төтенше жағдайдың алдын-алу мақсатында тұрғындарымен 39 кездесу ұйымдастырылып,  түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 7136 дана жадынама таратылған. 13 мыңнан астам құм толтырылған қапшықтар дайындалып,  қазіргі таңда олар  ең қауіпті деген аймақтарға жеткізілген.

Жиын  барысында барлық округ әкімдері есеп беріп, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауылдарда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Айта кету керек бұл жұмыстарға аудан кәсіпкерлері де өз үлестерін қосуда. Сондықтан барша аудан тұрғындары кез-келген уақытта өзен арнасынан көтерілген кезде судың тасуына дайын болу қажет. Ол үшін қажетті құжаттарды өзімен бірге алып шығатындай жерде сақтаған дұрыс. Алыс елді мекендердегі тұрғындар әзірге жол қатынасы үзілмей тұрып азық-түлік, дәрі-дәрмектерді артығымен дайындап алғандары абзал. Қауіп төнген жағдайда бірден  штабқа қоңырау шалып,  үйден шығарда  электр токтарын ажыратып, газды сөндіріп кеткен дұрыс.

Құрметті жерлестер! халқымызда  «Сақтансаң сақтармын»- деген нақыл сөз бар. Сондықтан әліптің артын бағып, үн-түнсіз отырмай, қолдан келгенше көп болып қарекет қылайық. Сондай-ақ  ағын суға тосқауыл ретінде пайдалану үшін қауіпті жерлерге жеткізілген арнайы қапшықтарға тиіспеген дұрыс болар. Себебі күні кеше ғана  Чурилин көшесінде құм салынған қапшықтардың бірен-сараны    іс-түссіз жоғалған.

Ол  қауіптің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға кері әсерін тигізуде. Мынандай жағдайда олардың қолды болғаны  адамгершілікке жатпайды. Қайта бұл санамыздың төмендігін көрсетеді. Сондықтан  елге қауіп төніп тұрғанда қара басымыздың қамын ойлағанымыз дұрыс болмас.

Біз көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демекші, судан қалай  аман құтыламыз деп түн ұйқыларын төрт бөліп, тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін еш кетірмей, қайта оны бағалауымыз керек. Әр минутымызды алтынға балап, тілсіз жауды құрықтаймыз деп жанталасып жүргенде бір-біріміздің жағамыздан алып, аяғымыздан шалғанымыз ұят болар.

Ойланайық, ағайын.

 

Назгүл Серіққызы