5.04.2018, 18:15
Қараулар: 443
Ұлттық ойындарымызды ұлықтайық

Ұлттық ойындарымызды ұлықтайық

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұмыт бола бастаған  салт-дәстүрлеріміз  бен  ұлттық  ойындарымызды қайта жаңғыртып, оны  кеңінен насихаттауға себеп болды. Осының арқасында  «өшкеніміз жанып, өлгеніміз  тірілді». Өйткені  жас ұрпақты  бір сәт болса да көненің құндылығымен  таныстыруға мүмкіндік туды. Соның бірі ұлттық ойындарымыз.


Мұндай жұмыстар аудан бойынша оң шешімін тауып, жолға қойылып келеді.  Оған Ы.Алтынсарин атындағы  орта мектепте қолға алынған асық ойыны дәлел.  Аталмыш мектептің  денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қ.Кушалиев  осыдан екі жыл бұрын  арнайы үстел жасап, оқушылардың үзіліс  кезінде  асық  ойнауына жағдай жасаған болатын. Содан бері бұл жұмыс өз жалғасын табуда.

-Асық ойыны мектепішілік жарыстарға  ыңғайлы. Үзіліс кезінде балалар бос жүрмесін деп  аталмыш  ойынды ұйымдастырдым. Негізінен оқушылардың қызыға ойнайтындары қанталапай. Бұл  көздің қырағылығы мен қолдың ептілігін  қажет етеді. Ойын уақыты да  жалықтыратындай ұзақ емес. Әр үстелге сегіз адамнан қатар  тұрып  ойнауға болады. Асық ойындарын  ұлттық ойын ретінде насихаттау үшін тек  бір мектептің  қабырғасы аздық етеді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы істі әр мектеп қолға алса және әр отбасында ойнатылса  жақсы болар еді. Сол кезде ғана бесіктен белі шықпай жатып телефонға телміретін болашақ ұрпағымыздың ойлау қабілеті артып, ұлттық саналарының жаңғыруына септігі тиер деген үміт бар. Мұны әр отбасы әдетке айналдырған дұрыс деп есептеймін дейді Қазбек.

Ия, Қазбек Набиоллаұлының бұл ісі құптарлық нәрсе. Себебі қала түгілі ауыл балаларының өзі асықты қалай ойнайтынын білмейді. Сондықтан заманауи техниканың қарыштап дамып тұрған дәуірінде ұрпағымыздың саулығы үшін балаларды ұлттық ойынға баулып, оларды жаңғырту, бізге басты міндет. Асық ойынын жаңғырту арқылы біз ұлтжанды, дені сау ұрпақ тәрбиелейміз. Осылайша келешек ұрпағымызға ұлттық құндылықтарымызды насихаттаймыз.

Қазақта «асығың алшысынан түссін!» деген сөз бар. Осыған қарап-ақ асықтың қазақ халқы үшін қасиетті болғанын байқауға болады. Асық ойынын  біз бала кезімізден жақсы білеміз. Кеш болса, сабағымызды дайындап тастап, ата-анамызды қасымызға алып, дөңгелене отырып отбасымызбен ойнайтынбыз. Қой сойған сайын асығымыз көбейеді деп қуанатынбыз. Қазір ше? Қазір ата-ананың  балаларға асық ойнатпақ түгілі сабақтарын тексеруге уақыттары жетпей жатады. Оған жұмыс пен қолдарының тимейтіні  сылтау.  Қол босай қалса телефонға телміреміз. Ал бала көргенін істейді. Кейде олар мазаны алмас  үшін қолдарына телефонды ұстата салатынымыз да жасырын емес. Сондықтан кез-келген нәрсені сылтауратпай бір сәт балаларымызға асық ойынын неге үйретпеске. Себебі ол біріншіден денені шынықтырады, екіншіден адамның дене құрылысының дұрыс дамуына мүмкіндік береді. Асық ойнаған адамда ептілік, мергендік пайда болады.. Ал оны топтасып ойнаса, ол бірлікке, ұстамдылыққа үйретеді.

Сондықтан оны ұлттық бренд деңгейіне дейін көтеріп, спорттың бір түрі ретінде дамытуымыз керек. Оған кез-келген азамат атсалысу қажет.

Ия, асық-балалардың ой-санасын табиғи жолмен дамытудың ең тиімді жолы. Мұны тек мектептер мен балабақшаларға ғана жүктеп қоймай әр ата-ана өз отбасында қолға алса «асығымыз алшысынан түсіп» рухани жаңғыру бағдарламасына қосқан сүбелі үлесіміз болар еді. Ендеше көп болып қолға алар ісіміз берекелі болсын.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ