6.04.2018, 20:57
Қараулар: 146
«Жас шаңырақ – жайсаң жапырақ»

«Жас шаңырақ – жайсаң жапырақ»

Адам өміріндегі отбасылық құндылықтың маңызын насихаттау мақсатында аталмыш тақырыппен пікір-сайыс алаңы өтті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға өмірден өзіндік түйгені бар аға буын мен жас отбасылар қатысты.


Бұрындары ата-ана таңдауымен қосылған жастар үбірлі-шүбірлі болып  қанаттарын кеңге жайса, бүгінде өз таңдауын жасайтын ғашықтардың некесі неге ажырасумен тынады? Жас отбасылар арасында сәнге айналған бұл іс-әрекетке тоқтау айтар жанның болмағаны ма?

Отбасы қасиетін жастар қауымына түсіндіру мақсатында өткен жиында аға буын өз өмірінің іздерімен таныстырып өтті. Кеңестік дәуірде өмір сүрген өздерінің жолдастарымен қалай танысқандарынан бастап, жалпы жанұя ұғымының кеңдігіне тоқталды. Өз кезегінде сөз алған аудандық «Ақ тілеу» әжелер ансамблінің мүшесі Р.Бейісқанова аталмыш жиынның маңызын атап өтіп, қоғамдағы өзекті мәселеге айналған тақырып екенін баса айтты.

  • Бүгінде жастар қауымы үшін бар жағдай жасалған. Ата-анасы баласының оқу мен алаңсыз қызмет жасауына дейін мүмкіндік беріп отыр. Алайда ұрпақтың таңдауы бөлек, жолы басқа. Кейде барға қанағат қылмайтындай көрінеді. Аға буынның жолына қарасақ, олар – талай қиындықты жеңген жандар. Ауылда, қырда төрт түлік ұстап, ұрпағына бар жағдайды жасағандар. Ал жастарға бұл күні не жетпейді? Су тасу, отын жағу деген жұмыстардан босатылған болса да, барға көңілдері толмайды. Сондықтан осындай шараның ұйымдастырылуы мына отырған жастар үшін маңызды. Әлі тұрмыс құрмаған оларға бір ой тастайтындай мәселе айтылуы тиіс,-деді өз сөзінде Роза Жолдыбекқызы. Сондай-ақ елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтетін шаралардың осылайша тағылым мен ұлттық құндылықтарға негізделуін қадағалау қажетін тілге тиек етті.

Бұдан өзге шараға қатысқан жас отбасы мүшелері де өздерінің жар таңдауда қандай мәселеге назар аударғандарын,  үй болуда кездесетін қиындықтарды атап өтті.

            Әсемгүл БЕКЕШЕВА