11.04.2018, 15:01
Қараулар: 4
Робототехника әлеміне алғашқы қадам

Робототехника әлеміне алғашқы қадам

Наурыз айының  30-31 күндері Қарағанды қаласында 800 – ге жуық команда қатысқан  «Роболэнд — 2018» төртінші халықаралық робототехника бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі өтті. Оған  Тасқала ауданының мектептен тыс жұмыс орталығы мен «Сәулет» мектеп-лицейінің  оқушылары  қатысты.


Фестиваль оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ету, техникалық пәндерді әйгілеу, оқытудың шығармашылық түрінің жаңа бағыты ретінде білім беру робототехникасының мүмкіндіктерін көрсету мақсатында өткізілді. Фестиваль аясында семинарлар, шеберлік сабақтары, робототехникалық өнімнің көрмелері мен таныстырылымдары ұйымдастырылды, сондай-ақ оқушылар арасында 32 бағыт бойынша робототехникадан ашық чемпионат өтті.

1500 оқушы қатысқан шарада   771 команданың арасынан М.Мақсот жетекшілік ететін  «Сәулет» мектеп-лицейінен Рауан Базарбаев пен Данияр Мұқамбетов «Пазлы» номинациясында ІІІ орынға ие болды. Ал, «Робофутбол» секциясында Б.Шуриннің шәкірттері Артур Талғатов, Қамқор Қабенов пен  Ерасыл Талапов ІІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ мектептен тыс жұмыс орталығы жанынан құрылған Б.Мәуленов жетекшілік ететін  құрамында Талғат Ажгалиев пен Темірлан Маулен бар  «ЦВР» командасы «Сreativity», ал «Тесло» командасы «Победа над обстоятельствами» аталымдарымен марапатталды.

Байқауға қатысқан барлық жеңімпаздар мен оладың жетекшілері арнайы сертификатқа ие болды.

 

                                                                                                                                                Г.Бирниязова

Тасқала аудандық балалардың мектептен тыс

жұмыс орталығы директорының

 оқу-тәрбие орынбасары