12.04.2018, 19:31
Қараулар: 133
«Рухани жаңғыру» — ұлт болашағының жарқын бейнесі

«Рухани жаңғыру» — ұлт болашағының жарқын бейнесі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 12 сәуірде бір жыл толды. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары, бағдарлама жетекшісі  Л.Жұбанышқалиеваға жолығып, атқарылған жұмыстар жөнінде білген болатынбыз. Төменде сол сұхбатты жариялап отырмыз.


 

  • Люция Әсетқызы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолға алынғанына биыл бір жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін аталмыш бағдарлама аясында    ауданда қандай жұмыстар атқарылды. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында алдымен ауданда  жұмыс тобы құрылып, шаралар жоспары жасақталды. Барлық деңгейдегі кітапханаларда кітап көрмелері ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандық жұмыс тобының  7 отырысы өтті.

Жоспарға сай былтырғы сәуір-желтоқсан айларында   барлығы 89      іс-шара өткізіліп, оған 15074 (88,3 пайыз) адам қатысты. Сондай-ақ биылғы жылдың қаңтар айында тұрғындар арасында «Рухани жаңғыруды қалай түсінесіз» деген тақырыпта сауалнама жүргізіліп, оған 1800 адам қатысты. Нәтижесінде 1707 тұрғын аталмыш бағдарламамен таныс екендігін, 93 тұрғын осындай бағдарламаны естігенін, бірақ толық таныс емес екендігін көрсетсе, 82 адамның бағдарламадан бейхабар екендігін анықтадық. Сондай-ақ «Рухани жаңғыруды неден бастар едіңіз» деген сауалға тұрғындардың 448-і тұрғынжайларын жаңарту мен тазалаудан, 435 – і аула сенбіліктерін ұйымдастыру мен саябақтарды жөндеуден, 536-сы ұлттық ойындар мен рухани мұраларымызды қайта қолға алудан, 381 оқушы ағылшын тілі мен әдеби сабақтарды тереңдетіп оқудан бастайтынын көрсетті.

Сонымен қатар, биылғы жылы ауданның білім беру мекемелерінде домбыра сағаты ашылып, оқушыларға ұлттық өнерімізді үйрету қолға алынды. 22 қаңтардан бастап  барлық мектептерде «Өз балаңа домбыра сыйла» акциясы ұйымдастырылып, бір күнде 145 бала  домбыралы болды. Бұл үлкен акция меценаттар мен ата-аналар арқылы жүзеге асып, жыл ішінде жалғасын табады. Сондай-ақ  барлық орта мектептерде  үзіліс сайын  «Адай»,  «Балбырауын», «Қосалқа» күйлерін жіберіп тұру қолға алынды. Бұл оқушыларға ұлттық өнерімізді, төл мәдениетімізді насихаттауға үлкен септігін тигізеді.  Биыл мамыр айында Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай күйші шығармашылығын насихаттау бағытында оқушылардан құралған 100 өнерпаз  аудан тұрғындарының назарына өз өнерлерін  ұсынатын болады.

Айта кету керек жуырда Амангелді ауылдық округінің мектеп базасында  аудандық «Жас ұлан» ұйымының патриоттар форумы өткізілді. Шарада әр топ мүшелері  он бес минут уақыт аралығында өз спикерлерімен бірге берілген тақырыпта мәселені талқылап, тезистер құрып, ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табатын болады.

  • «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында   төрт кіші бағдарлама қолға алынған болатын.  Енді осыларға жеке-жеке тоқталып өтсеңіз. 

2017 жылдың сәуір-желтоқсан айларында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 15 іс-шара ұйымдастырылып, оған  1147 адам, яғни 776 оқушы мен 231 студент, және 140 мұғалім қатысты. Іс-шараға барлығы 858,0 теңге қаражат жұмсалды.

Кіші бағдарламаның «Өлкетану» базалық бағыты бойынша — 5, «Отаным – тағдырым» базалық бағыты аясында — 8, «Саналы азамат» базалық бағыты бойынша — 2 іс-шара өтті.

Дәлірек айтар болсақ тамыз айында «Өңірдің көркі – Ешкітау» атты аудандық жас зерттеушілер экспедициясы оқушылардың Ешкітауға  деген қызығушылығын туғызды. Оларға  тарихшы Н.Вологин аймақтың маңыздылығы мен ерекше қорғауға алынған өсімдіктер туралы түсіндірді. Қыркүйек айында  ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында облыста тұңғыш рет Жәңгір хан  атындағы  БҚАТУ мен үш жақты  келісімшарт жасалып, аудан орталығындағы С.Жақсығұлов және Қ.Сәтбаев орта мектептерінің   8-9 сынып оқушыларына арналған  «Агросынып» факультативі  енгізілді. Бүгінгі таңда мұнда  61 оқушы білім алуда. Сабақ ауыл шаруашылығы бойынша аталмыш  университеттің аға оқытушысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Б.Сидиховтың жетекшілігімен жүргізіледі. Оқушылар тәжірибелік кезеңде Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-ға  экскурсия жүргізді. Мал дәрігерлік, ауыл шаруашылық мамандығы туралы түсінік берілді. Енді биылғы жылдың  мамыр-маусым айларында «Бір апта ауылда…» жобасын ұйымдастыруды қолға алып отырмыз.  Атамекен ауылында ұйымдастырылатын аталмыш шарада   оқушылар қой қырқып,сиыр сауудың қыр-сырымен танысып, өндірістік техникалармен қалай жұмыстану керектігі бойынша тәжірибеден өтетін болады.

  • Латын әліпбиіне көшу бағытында  қандай жұмыстар атқарылуда.   Жалпы арнайы арнайы жоба аясында не істелді?

«Қазақ тілінің латын қарпіне көшу» жөніндегі  арнайы жоба бойынша нақты 8 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1308   адам, соның ішінде 542 тұрғын, 321 жастар, 291 оқушы мен 154 мұғалім қатысты.

Осы бағытта жыл бойына  «Біз  латын  тілін  қолдаймыз!» тақырыбында барлық кітапханаларда кітап көрмелері, қараша айында  «Қазақ әліпбиінің кирилицадан латын графигіне ауысу» туралы дөңгелек үстел, «Латын графикасы – ұлт келешегі, тәуелсіздік жемісі» тақырыбында пікірсайыс, «Латын графикасы жөнінде не білесіз?» тақырыбында тұрғындармен блиц – сауалнама жүргізілді. Латын әліпби жөнінде 8 ауылдық округте және 3 мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға   ақпараттар берілді.

Сондай-ақ аталмыш жоба аясында Елбасының 2018 жылдың 19 ақпанында бекітілген латын графикасына негізделген жаңа әліпбиімізге  қолдау көрсету, оны кеңінен насихаттау, халыққа түсіндіру мақсатында ақпан айының 28 күні  облыстық лингвист ғалымдардың және облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау  бөлімінің басшысы Гүлнәр Әлжанованың қатысуымен  семинар ұйымдастырылды. Мамыр айынан бастап арнайы кесте құрылып, аудандық білім беру ұйымы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, барлық білім беру ұйымдары мен ауылдық округтерде латын графикасына негізделген жаңа әліпби бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

  • «Рухани қазына» кіші бағдарламасына тоқталып өтсеңіз.

Аудан бойынша «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында  46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 9561 адам қатысты. Шараға барлығы   2 млн 386,0 теңге қаражат жұмсалды.

Кіші бағдарламаның «Туған жер  — туған ел» базалық бағыты бойынша 35 шара, «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша 2 шара, «Қазіргі Қазақстанның мәдени жетістіктері» базалық бағыты бойынша  9 шара ұйымдастырылды.

Аталмыш кіші бағдарламаның «Туған жер  — туған ел» базалық бағыты мен  «Мәдени даму» жобасы аясында «Ит төресі -тазы»  атты  тазылардың  далалық сынақ байқауы өтті. Оған  25 тазы мен итбегілер  қатысты. Жарысқа бірнеше аудандар мен  Ақтөбе облысынан итбегілер қатысты. Сонымен қоса, итбегілер 2018 жылы  мамыр айында өткізілетін көрмеге шақырту алды.

Желтоқсан айында «Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамблінің 30 жылдығы кең көлемде тойланды. Базалық бағыттың «Спорттық рух» жобасы бойынша мамыр айында Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловты еске алуға арналған қазақ күресінен  2006-2008 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Тасқала ауданының ашық біріншілігі өткізілді.. Жыл ішінде  11 спорттық іс-шараға 1 099 688 теңгеге қаржылай демеушілік жасалды.

Айта кету керек  «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша  Құрамында облыстық тарих және археология орталығының мамандары бар экспедиция мүшелері және ауданның тарихшы мамандары мен ақсақалдары аудан аумағындағы «Ноғай-Шежін» қорымында болды. Экспедиция нәтижесінде зерттеушілер көне құлыптастар мен обаларды тапты.  Табылған құнды жәдігерлерді суретке түсіріп, аталмыш қорымның картасын жасады. Сонымен қатар осы экспедиция барысында Мереке ауылдық округі аумағындағы РФ шекарасына 200 метр жерден табылған «Мереке сайы» (шартты атауы) қорымындағы құлпытастардың оқылуы ұйымдастырылды. Аталмыш қорымның ұзындығы 140, ені 60 метрді құрайды.

Бұдан басқа көршілес Ресей еліне ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында Саратов облысының Озинки ауданында «Ұлы дала сазы» атты шара  ұйымдастырылып,  соның аясында Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының таныстырылымы өтті.

23 ақпан күні ауданымызда «Екпін» қоғамдық-саяси газетінде қызмет атқарған өңірімізге белгілі ақын, журналисттеріміз аудандық Айтқали Нәріков, Энгельс Шыңғали, Ғайса-Ғали Сейтақпен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Аталмыш шара 30-40 жыл бұрынғы басылымдардың қазіргі басылымдардан айырмашылығы, газеттің сапасы  мен тарихына үңіле отырып, ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған  бұл кездесу ауданымыздағы  тарихи жерлерінің құпиясы мен сырларын, құнды дүниелерімізді газет бетінде  арнайы айдарлар  арқылы халыққа кеңінен насихаттап,  туған өлкенің табиғаты мен тарихи орындарына қызығушылық танытқан қалың оқырманға әдеби тілде жеткізе білуді көздеді.

  • «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.

Былтырғы жылы  «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты  бойынша  21 шара ұйымдастырылып, оған   4366 адам қатысты. Іс-шаралардың қаражаты – 4 млн 139,8теңгені құрады.

Жыл ішінде  меценаттардың, кәсіпкерлердің қолдауымен   ауданның ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен отбасылары бойынша 980 адамға 3 млн 330,8 теңгеге көмек көрсетілді.

Ал, биылдан бастап  Тасқала ауданының «Жомарт жүрек – 2018» бен «Жерлестер форумын» биылғы жылдың тамыз айына өткізуді жоспарлап отырсақ, жыл бойына барлық ауылдық округтерде «Туған жерге тағзым» атты форум ұйымдастырылатын болады.

Сонымен қатар, 2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасының «Әлеуметтік бастамалар картасына»  14 жоба ұсынылды,  оның жалпы құны – 23700,0 мың   теңге.

Ауданымызда «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігі төрайымының бастамасымен ауданның еріктілері мен зейнеткерлері арасында тоқыма кәсібін насихаттау мақсатында  қолөнер үйірмесі ашылды. Аталмыш үйірме жұмыстары жыл ішінде жалғасын тауып, тоқылған бұйымдар мамыр айында облыстық перинаталдық орталықтың шала туылған нәрестелері мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына табысталады.

Сондай-ақ ақпан айында  аудандық  орталықтандырылған ауруханасында Тасқала ауданының тумасы Бекет Бадашев басшылық жасайтын «Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының» бір топ дәрігерлері аудан тұрғындарын қабылдады. Облыс орталығынан келген  жоғары біліктілік санатты дәрігерлер 70-ке жуық тұрғындарды қабылдап, ем-дом шаралары бойынша нұсқаулықтар берді.

  • «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша да атқарылған жұмыстарды тілге тиек етсеңіз.

Әлеуметтік желіде 254, аудандық «Екпін» газетінде 83 материал, «Егемен Қазақстан» газетінде «Ит төресі – тазы» атты 1 мақала, облыстық газетте 5 мақала жарияланды. «ТДК-42» телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасында «Ит төресі – тазы» атты далалық сынаққа қатысқан тасқалалалық итбегілер жөнінде  арнайы сұқбат берілді. Осы уақыт аралығында  «ТДК-42» телеарнасынан 5, «Ақжайық» телеарнасына 3 түсірілім көрсетілді.  «ТДК 42» телеарнасы арқылы Тасқала ауданының өткені мен бүгіні, шежіресі туралы «Жайнай бер, Тасқала!» атты бейнефильм түсіріліп, тұрғындар назарына ұсынылды. «Ақжайық» арнасынан берілген  «Өскен өңір» бағдарламасында  көрермендер Атамекен ауылының тыныс-тіршілігімен танысты.  Сонымен қоса биылғы   жылы  Тасқала ауданының 85 жылдығына орай ауданның тарихы жазылған энциклопедияны  жасақтау қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде.

  • «100 жаңа есім» арнайы жобасы бойынша да ауданда біраз шаралар қолға алынды. Оны халық аудандық газеттен оқып танысты. Дегенмен өзіңіз осы жоба төңірегінде айтып өтсеңіз.

Ия, ауданда ұйымдастырылып жатқан шаралардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Соның бірі «100 жаңа есім» арнайы жобасы.  Осы бағытта ауданда жоғары деңгейде шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі  26 қаңтарында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ақсерік Сарыұлымен өткен кездесу. Ақсерік Әйтімов жоба аясында тек оқушылармен кездесіп қана қоймай, ауданда роботтық техникалар бойынша өткен  облыстық семинарға қатысып, өз пікірімен бөлісті. 31 қаңтарда тасқалалықтар соның ішінде   мектеп оқушылары мен  медицина саласының мамандары Зеленов аудандық ауруханасының учаскелік медбикесі Елена Шушлебинамен кездесті.

Жалпы аудан бойынша көптеген игі істер ұйымдастырылып жүзеге асуда. Алдағы уақытта ол өз жалғасын табатын болады.

  • Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Назгүл Серікқызы