13.04.2018, 11:42
Қараулар: 380
Еріктілер еңбегі ерлікпен тең

Еріктілер еңбегі ерлікпен тең

Осындай атаумен «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала шеңберінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ерікті жастарға арналған шеберлік сағаты өтті.


Шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова, «Волонтеры солнечного Уральска» ұйымының жетекшісі Ғ.Бекқожиева, «Жас Отан» ЖҚ БҚО филиалының менеджері, жас ерікті З.Ықсанова, «28 ілмек» еріктілер клубының белсенді мүшесі Ә.Батырашева, «Жас NEW» еріктілер клубының белсенділері және жастар қатысты.    Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Р.Сатыбалдиев келген қонақтарға қош келдіңіздер айтып оларды таныстырып өткен соң, «Жас NEW» еріктілер клубының дайындаған бейнебаяны көрсетілді. Мұнан соң ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова аудандағы еріктілер тобының жұмысын тілге тиек етті.

Өз кезегінде сөз алған Ғ.Бекқожиева мен З.Ықсанова мұқтаж жандарға көмек көрсетіп,  олардың ақ батасын алу  үлкен бақыт екенін, істеп жүрген жұмыстарының одан әрі жетіле түсуіне себепкер болатындығын айтты. —  Әр жыл сайын Ақсай мен Орал қаласында мұқтаж отбасылардың балаларына арнап жаңа жылдық кеш өткіземіз.Сондай-ақ әр түрлі акциялар да ұйымдастырамыз. Жалпы  жағдайы төмен отбасыларға  қолымыздан келгенше қол ұшын созып жүрміз. Соның нәтижесінде бүгінде еріктілердің қатарына қосылғысы келетін жастардың қатары көбейіп келе жатыр», — дейді.

Шала туған нәрестелерге киім тоқып жүрген «28 ілмек» еріктілер клубының мүшесі Ә.Батырашева: «Қолым қалт еткенде осы іспен айналысамын. Қазақта: «Қайырымдылық жасаған қайырын көреді» дейді ғой. Жұмысыма ешқандай кедергісі жоқ. Егер тоқыма тоқып үйренгісі келетін қыздар болса маған келсін, үйретуге дайынмын», — дейді.

Ашық форматта өткен шарада спикерлер өздеріне қойылған сұрақтраға да толық жауап беріп, өзін-өзі жетілдіру тақырыбында  семинар-тренинг өткізіп, жастарды бір серпілтті.

Е.ЕЛЕКЕНОВ