16.04.2018, 17:01
Қараулар: 132
Ғаламтор! Кейде жақсы, ал кейде… ?

Ғаламтор! Кейде жақсы, ал кейде… ?

Жылдап емес, күн санап дамыған заманда ғаламторсыз ісің жүзеге аспайтыны рас. Жұмысбасты адам түгілі, мектеп қабырғасындағы оқушыларға дейін соған тәуелді. Ал оңы мен солын толық ажырата алмайтын балаларға «кейде жақсы, кейде жаман тордың» келтірер зияны қандай?


Естеріңізге салсақ, былтырғы жылы әлеуметтік желі арқылы тараған «Синий кит» ойыны мектеп оқушылары арасында біршама дау туғызған. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері орын алып, халықты дүр сілкіндірген. Бұндай әрекеттер ненің салдарынан орындалатынын ойланып көрдіңіз бе?

Аталмыш тақырып С.Жақсығұлов атындағы мектеп оқушыларымен болған кездесуде талқыланды. Бұл жөнінде кәмелет жасқа толмағандар істері жөніндегі инспектор Э.Тапанов айтып берді.

  • Ақиқатымен қоса жалған ақпараты қатар жүретін ғаламтор адамдарды жақсылыққа да, жамандыққа да итермелеуі мүмкін. Сананы улайтын дұрыс емес ақпараттар ой-пікірі қалыптаспаған баланың денсаулығына, жан дүниесіне, тұлғалық дамуына кері әсерін тигізеді. Ең алдымен ғаламторда отырған кезде үлкенге де, кішіге де ортақ ережелерді сақтаған дұрыс. Электронды поштаңызға бейтаныс адамнан Word немесе Excel түрінде келген файлды ашпас бұрын, вирусын тексеріп алу керек.
    Әлеуметтік желілердегі құпия сөзді ешкімге беруге болмайды. Оны есте сақталуы қиын сандар мен сөздерден құрау керек. Ғаламторда жеке басқа қатысты мәліметтерді көрсетпеу керек және ник, яғни бүркеншік ат қолданған жөн.
    Ғаламторда танысқан кез келген бейтаныс адаммен кездесуден қорыққан дұрыс.
    Егер ғаламтордағы әлдебір сайтқа тіркелу керек болса, жеке басқа қатысты ақпараттарды беруге болмайды. Ғаламтордағы барлық ақпараттарға сене беру қателік. Ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп алған жөн.Өзіңізге күдікті болып көрінетін сайтты немесе басқа да ақпараттарды ата-анаңызға тексертіп алсаңыз болады,- деді өз сөзінде Эльдар Батырұлы.

Сондай-ақ оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп туралы айтылды. Кәмелет жасқа толмағандардың жасаған құқық бұзушылықтары үшін алдымен ата-ана жауап беретіні ескертілді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА