18.04.2018, 16:19
Қараулар: 10
Бір-біріне ғашық еткен «Люстра»

Бір-біріне ғашық еткен «Люстра»

Аудандық мәдени-демалыс орталығында Ильгиз Зайниевтің «Люстра» атты комедиясы (режиссері Еркін Тасболатов) сахналанды. Қойылымды аудан тұрғындарымен бірге бірқатар атқамінерлер тамашалады.


Әзіл-күлкіге құрылған комедияда екі рет ажырасқан Марс есімді жігіт (Мағжан Жұмағалиев) екі қабатты пәтерге көшіп келеді. Келген күннен бастап, берекесін қашырған үстінгі қабаттағы мүгедек арбасына танылған Флюра (Балнұр Қаратаева)  мен жасы 35- ке келсе де тұрмыс құрмаған  қызы Эльмира (Зулфия Шайхина) алғашында Марстың қатты ашуына тиеді. Анасы мен қызы еденді жөндейміз деп жүріп, байқаусызда «астыңғы көршісі» Марстың жаңадан ілген су жаңа люстрасын түсіріп жібереді. Оған ызаланған Марс оларға барып, еденді «тоқылдатуларын» тоқтатуын талап етеді. Әйтпесе, полиция шақыратынын айтып, шығып кетеді.

Үйін жинастырып, құлаған люстрасын қайтадан ілейін деп жатқанда болған жәйт үшін кешірім сұрай әрі кешкі асқа шақыра келген Эльмира  оған үй жинасуға көмектесуге оқталады. Алайда оған Марс жол бермей, екеуінің шаң сүртетін сүлгіге таласып қалған сәті көрерменді күлкіге қарық қылды. Осы сәттен бастап, Марс пен Эльмира бір-бірін іштей ұнатып қалса керек.

Кешкі асқа барған кезінде Марс олардың көптен жөндей алмай келе жатқан едендерін жөндеп беріп, бірге отырып тамақ  ішіп, өзінің не себепті екі рет ажырасқанын айтып ақтарыла сөйлейді. Түннің бір уағында үйіне қайтқанда үйінің кілті іште қалып қойғанын біліп, амалсыз сыртта түнеп шығады. Кітапханашы болып жұмыс істейтін Эльмира таңертеңгісін жұмысқа бара жатқанда сәкінің үстінде Марстың ұйықтап жатқанын көреді. Жанына жақын барып, оны оятқанда суық тиіп қалғанын байқап,  үйіне апарып, ыстық сорпа беріп, ауруынан құлан-таза жазылу үшін бар жағдайды жасайды. Бұл жағдай Марс пен Эльмираны бір-біріне деген сезімдерінің одан әрі өрши түсуіне себепкер болады.

Марстың екінші әйелі Венераның (Ботагөз Сәрсенова) аяқ астынан шыға келуі көрерменді  одан әрі қызықтыра  түсті. Ал түрік жігіті Мехметтің рөлін сомдаған (Думан Бекқалиев) жүрісінің өзі езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. Венераның әкесі полковник Зейнолла (Тимур Тапалов) болса, тым қатал әрі адал жанның бейнесін айнытпай келтірді. Венера  Марспен қайта қосылуды қанша қаласа  да онысынан ештеңе  шықпады. Өмірін жаңадан яғни Эльмирамен бірге бастағысы келген Марс ақыры өз дегеніне жетті.

Қойылым біткен соң сахна төріне көтерілген аудан әкімі С.Әлиев өзінің алған әсерімен бөлісіп, халық театрының өнерпаздары мен  аталмыш қойылымның режиссері Е.Тасболатовқа шығармашылық табыс тілеп, алғыс хат табыстады.

Е.ЕЛЕКЕНОВ