25.04.2018, 18:13
Қараулар: 379
Жастар бастамасымен…

Жастар бастамасымен…

Ақжайық жастарының белсенділік танытуымен «Өзіңнен баста!» акциясы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ аумағында ұйымдастырылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынған шараның көздеген мақсаты зор.


Сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі — елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауында жүктелген міндеттердің бірі.  Сондай-ақ қоғамдық дертке айналған мәселемен күресу көп болып қолға алыну қажет екенін атап өткен. Осыған орай, өңір жастары бүгінде «Жастар бақылауы» жобасын жүзеге асырып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша басшысы Болат Исаков айтып берді.

  • Жемқорлық адамды бас бостандығынан айырып, бар өміріне кері әсерін тигізеді. Өкінішке орай елімізде соны біле тұра, байлықтан басқаны ойламайтын азаматтар көбеюде. Ел тізгінін ұстаған жандардың ондай әрекеттері барша халыққа зиянын тигізеді. Сол себепті өз елінің патриоты болуды, адал да шынайы қызмет жасауды жастар бойына дарытудың маңызы бүгінде зор. Сыбайлас жемқорлық — елбасымыз атап өткендей бір ғана адамның емес, барша ел болып жұмыла күресетін мәселе. Сіздерді де қызметтің биігіне адал жолмен шығуға шақырамыз,- деді Болат Алмұханұлы.Мұнан соң сөз тізгінін алған «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты бірлестігінің жетекшісі З.Ықсанова, бір топ жастар қауымы да қоғам дертінің кері әсерін айтты.

Аталмыш шара ағымдағы жылы қолға алынған «Адал жол- Честный путь» марафонымен жалғасты. Бұл орайда марафон атауын арқалаған кітапты Зеленов ауданының әкімі А.Шахаров Тасқала ауданының басшысы С.Әлиевке табыстады. Кітап ішінде наурыз айында көрші ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған шаралар басылса, ендігі кезекте Тасқала ауданының қолға алған бастамаларымен толықтырылатын болады. Марафон эстафетасы достығы жарасқан қос ауданның аутокөліктері құрған шерумен жалғасты.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА