27.04.2018, 12:05
Қараулар: 153
Ел жүрегі – Астана!

Ел жүрегі – Астана!

Дәл осындай тақырыппен елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған шара аудандық мәдени-демалыс орталығының сахнасында өтті. Дүбірлі тойға арналған фестивальге «Сәулет» мектеп-лицейі ұжымы бастау болды.


«Ұстаз болу- жүректің батырлығы» демекші, жауапкершілігі мол қызметті арқалап, өзгенің бақытын тілеп жүрген жандардың өнеріне қол соқпаған жан кемде-кем. Қызметтен бөлек қағазбастылықтан арылмаған мұғалімдердің сахнаға алып шыққан әні мен биі де, жас Астананың тарихын көз алдына келтірген қойылымдары да кеш куәгерлерінің көңілін тапты.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Л.Жұбанышқалиева аталмыш ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

  • Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатырған шаралар баршаңыздың назарыңызда. Әсіресе еліміздің өткенінен сыр шертіп, ұлттық құндылықтарды, төл өнерімізді дәріптеген кештердің өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Астанамыздың мерейтойына арналған шара да көп болып қызмет етуімізге, ауызбіршілігіміз бен татулығымызды сақтауға мүмкіндік береді. Аталмыш фестивальде «Сәулет» мектеп-лицейі бірінші болып өнер көрсетсе, алдағы уақытта басқа да білім беретін мекемелердің концертін тамашалайтын боламыз,- деді Люция Әсетқызы.

Айта кету керек, бас қаланың туған күніне арналған шара өзге де мекемелердің қатысуымен жалғасып, қорытындысында гала концерт ұйымдастырылады.

Әсем Серікқали