28.04.2018, 16:32
Қараулар: 414
«Өнердің биігі…»

«Өнердің биігі…»

Қазақстан Республикасының ерең еңбегі үшін медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов аудан тұрғындарына әдемі ән мен әсем көңіл-күй сыйлап, халық мұрасын кеңінен насихаттады.


Сахна реңін әуезді әнмен кіргізген өнерпазға ел қошеметі ерекше соғылды. Төл туындының тағылымын көпшілікке жеткізуді мақсат тұтқан кеш — әншінің жоспарлы концерттерінің бірі. Бұл туралы өнерпаз бізге берген сұхбатында сөз етті.

  • Ауыл-аймақ тұрғындарына ұлттық мұраны жеткізу, халық әндерін насихаттау осы саланың маманы болғандықтан міндетімізге кіреді. Абай атамыз айтқандай «әннің де естісі бар, есері бар». Сондықтан репертуарыма мағынасы бар, мәні терең әндерді таңдауға тырысамын. Олардың қатарында Ә.Бейсеуов, Біржан сал, Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев секілді тұлғалардың әндері бар. Ондай туындылар мәңгі жасап, халықтың мұрасына, қазынасына айналу керек деп есептеймін. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық код мәселесі де осындай төл туындыларды насихаттау, өшкенді қайта жағу деп ойлаймын.Жалпы тыңдармандарымның көңілін тауып, жоғары бағасын алып жатсам өнерімнің биігіне шыққаным деп білемін,-деді Еркін Өтегенов.

Сен сұлу», «Қариялар», «Ағалар» әндерін өнерпазбен қосыла шырқаған көрермендерге қос ішекті домбырамен де құрмет көрсетілді. Бұл орайда сахнаға көтерілген дәстүрлі әнші, термеші Ф.Оразовтың өнері тамашаланса, аудан тұрғындарына алғысы мен игі тілегін арнаған айтыскер ақын А.Бисенғалиев болды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА