3.05.2018, 17:03
Қараулар: 491
Жақсының аты өлмейді…

Жақсының аты өлмейді…

Аудандық мәдени-демалыс орталығының Тәуелсіздік залында Тасқала ауданының құрметті азаматы Сатқали Сапаровты еске алуға арналған «Өшпейтіндей артына із қалдырған» атты конференция өтті. Оған аудан әкімі С.Әлиев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, професор Қ.Бозымов, «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағын иеленген Б.Ахметов пен Ә.Садықов, облыстық мәслихат депутаты А.Мерғалиев, елге танымал ақын А.Нәріков, бұрынғы аудан әкімі Б.Шакимов, облыстық диогностикалық орталықтың басшысы Қ.Ерменов, аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов, марқұмның Фазылғали, Табылғали атты екі ұлы мен ауылдық округ әкімдері қатысты.


Шараға жиналғандар алдымен марқұмның өнегелі өмірі туралы бейнефильмді тамашалап,  бір минут үнсіздікпен еске алды. Содан соң сөз алған Санжар Жұматайұлы мен Сансызбай Бақтығалиұлы  тұлғаларға лайықты құрмет көрсету – қоғамның парызы екенін айтты.

  • Сатқали Сапарұлының басшылық қабілетінің зор екендігін, халықтың қамын ойлап, әрбір ісін ел үшін жұмсағанын аудан тұрғындары жақсы біледі. Ол кісі елдімекендердегі, қолхоз-совхоздарда білім ошақтарының салынуына, өсіп-өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Атқарған еңбегі елге мұра, жас ұрпаққа үлгі-өнеге. «Ер есімі — ел есінде» демекші қанша уақыт өтсе де, ағамыз жасаған жұмыстар ауданымызда жалғасын тауып, есімі ұлықталып келеді, — деді олар. Мұнан соң мінбеге көтерілген Б.Ахметов пен Қ.Бозымов: «Қазақта: «Аңсап келер ағаң болса, аруағың барын содан біл, іздеп келер інің болса, бақытың барын содан біл» деп, бекер айтпаған. Сапарғали марқұм өте қарапайым әрі адал жан болатын. Ол кісі жұмыс істеген уақыттарда ешқандай арыз шетке шықпайтын тұғын. Бәрін өзі шешетін еді. Қай жерде жұмыс істемесін тек халық үшін аянбай тер төгуге дайын тұрды. Сондықтан ол елге сыйлы азамат болды.Оның бойындағы қасиет бүгінде көптің бойынан табыла бермейді. Сондықтан сондай тұлғалы адамдарды үнемі еске алып тұру қажет», — деді

Конференция барысында Сатқали Сапаровпен бірге көп жылдар бірге қызмет атқарған, еңбек ардагері А.Жұбанышев, өлкетанушы Ғ.Хисаметдинов, марқұмның ұлы Ф.Сапарғали сөз сөйлеп, өздерінің естеліктерімен бөлісті.

Конференциядан соң меймандар Сатқали Сапаровқа арнап ұйымдастырылған оқушылар арасындағы   шахмат жарысын тамашалады.

Е.ЕЛЕКЕНОВ