3.05.2018, 17:12
Қараулар: 409
Берік шекара, мызғымас күзет

Берік шекара, мызғымас күзет

Әр минут емес, секундтің қадірін түсініп, ұшқан құс пен жүгірген аңға дейін қалт жібермей қадағалайтын қызметкерлердің жұмысы бір уақыт қызық болып көрінуі мүмкін. Алайда шыжығы қатар жүретін қызметтің жауапкершілігі мен жүктеген міндеті — өз алдына бір төбе.


Елбасының бастамасымен қабылданған Қа­зақ­­станның 2030 жылға дейінгі даму стра­те­гиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамт­а­масыз ету туралы үлкен саяси міндет қойылған болатын. Оның орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтас­тықты және шекараның мызғымастығын қамта­масыз етудің кепілі ретінде атап көрсетілген.

Егемен алғаннан бері еліміз қол жеткізген ұланғайыр табыстарының бірі — ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымастай етіп шегендеген шекара. Бүгінгі таңда бұл – бүкіл әлемге танылған, қалтқысыз мой­ындалған фактор. Соны­мен қатар, бұл – ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болма­ған, мемлекеттілігімізді айшық­тайтын баға жетпес құндылық.

Жуырда отан қорғаушылар күніне орай  «Тасқала» шекара заставасының комендатурасын аралап, қызметкерлердің жұмысынан хабар алған «Сәулет» мектеп-лицейінің оқушылары шекарашылардың қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыстарын тек түсініп қана қоймай, көзбен көріп қайтты. Айта кетейік, аталмыш кездесу жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатын көздеп, «Ата-ана кәсіпорынында бір күн» акциясында  ұйымдастырылды.

Оқушыларға әскери қызметтің негізгі міндетін міндетін түсіндірген Тасқала ауылдық шекара комендатурасының коменданты полковник Б.Найманов күнделікті жұмыс жайын тілге тиек етті. —  Бүгінгі таңда әскери қызметтің күннен-күнге беделі асып келеді. Алайда сонымен бірге оның жауапкершілігінің де молайып отырғанын естен шығармайық. Жасыратыны жоқ, біздің қызметке қиындыққа төтеп бере алатын, шыдамды адамдар қабылданады, сондай-ақ оның білімнен бөлек спортқа деген қабілеті, физикалық дайындығына назар аударылады. Қайткен күнде де әскери қызмет елдің абыройы үшін жұмыс атқарып қала береді. Елдің тыныштығы, жұрттың амандығы шекара қызметкерлерінің өз ісіне жауапкершілік танытуына байланысты- деді.

Сонымен қатар, ол шәкірттерге ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Академиясына және Ресей федерациясының әскери оқу орындарына оқуға тапсыруға немесе  шекара қызметінің қатарында келісім шарт бойынша жұмыс жасауға болатыны жайлы әңгімеледі. Алдағы уақытта өздерін әскери қызметтен көруді армандаған жасөспірімдерге аталмыш оқу орындарының берер мүмкіндіктері мол екені айтты.

Сөз соңында Бекболсын Алтынбекұлы  барша азаматтарды 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Ә.Бекешева