3.05.2018, 17:25
Қараулар: 501
Еріктілер жасағы тексерілді

Еріктілер жасағы тексерілді

Жуырда Тасқала мен Зеленов аудандарының шекарасында дала өртінің алдын алу мақсатында еріктілер құрама жасағының дайындығы тексеріліп, оқу-жаттығу өтті.


Аталмыш шараға Тасқала ауданы әкімінің орынбасары А.Баяндықов пен Тасқала және Зеленов  ауданының  төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Шауенов пен Т.Жакупов, сондай-ақ Мерей, Тасқала ауылдық округтері мен Зеленов ауданынан   өртке қарсы құрылған еріктілер жасағы қатысты.

Алдымен сөз алған Арсен Толқынұлы  дала өрттерінің алдын алуда еріктілер жасағының рөлі зор екенін тілге тиек етті. Жаз мезгілі келе жатыр. Өртке мұқият болуымыз қажет.  Тілсіз жауды құрықтауға қай уақытта да дайын болуға тиіспіз. Сондықтан осындай оқу-жаттығуларының жиі өткізілгені дұрыс деп есептеймін. Бүгінгі шараға сәттілік тілеймін деді ол өз сөзінде.

Одан әрі шараға қатысушылар жанған өртті қалай сөндіру керектігі жөнінде іс-тәжірибелерімен бөлісіп, оны іс жүзінде көрсетті.

Аталмыш шараға отыздан астам еріктілер мен 8 техника, оның ішінде 1 МТЗ-80 тракторы қатысты. Сондай-ақ өрт сөндіруге арналған арнайы су шашатын құрылғылар мен сапалақтар қолданылды.

 

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ