5.05.2018, 19:05
Қараулар: 169
Төл өнерді дәріптеген шара аудан төрінде ұйымдастырылды

Төл өнерді дәріптеген шара аудан төрінде ұйымдастырылды

Халқымыздың  әуелден-ақ «еттің бәрі – қазы емес, иттің бәрі – тазы емес» дегенін естіп жүрміз. Алайда жеті қазынаның қатарына кірген иттің ішінде қазақы тазылардың қандай ерекшелігі бар? Бұл сауалдарға аудан төрінде өткен «Ит төресі – тазы» атты шара жауап береді. 


Естеріңізге салсақ, өткен жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша тазылар тартысы аудан күнінде ұйымдастырылса, кейін олардың далалық сынағы өткен еді. Ал бұл жолғы шараның өтуіне аудандық жастармен жұмыс жөніндегі орталық пен «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестігі қосылып мұрындық болды. Облыс деңгейінде өткен сайысқа 20 шақты итбегі келіп 35 тазы бақ сынасты. Көрме және курсинг әдісі бойынша тазыларға лайық бағасын берген Шымкент қаласынан арнайы келген эксперт Н.Яфизова болды. Ит төресін сынап қана қоймай, тазы тұқымын дұрыс сақтау туралы ойымен бөлісіп, итбегілерге өзіндік ақыл-кеңесін берді.

  • Бұл жерге жиналғандардың 60 пайызын таза тұқымды тазылар қатарына жатқызуға болады. Тағы 20 пайызындай иттерден әлі де қазақы тазының тұқымын алуға болады. Негізі шараға осынша қатысушы жиналғанды көріп қуанып тұрмын, ата дәстүрді жалғастырып отырған азаматтарға ризамын,- деді өз сөзінде Нина Ивановна.

Сондай-ақ нағыз қазақы тазыға тән сипат қандай болу керек, оны қалай күткен дұрыс деген сұраққа жауап берді. Бұған қоса, шара барысында құмай тазылардың жарысы тамашаланды. Бабы ерекше күтілген тазыларға арнайы сый-сыяпаттар табысталды.

 

Әсемгүл БЕКЕШЕВА