8.05.2018, 13:54
Қараулар: 6
Ерлердің есімін жаңғыртып…

Ерлердің есімін жаңғыртып…

Ел басына күн туған шақта қолына қару алған ерлер есімі жадымыздан шыққан емес, әсіресе араға жыл салған сайын Ұлы Жеңіс күнінің де қадірі  артуда. Сөзімізге Достық ауылында «Батырларымыз мәңгі есте! Вечная память Героям!» ескерткіш тақтасының бой көтеруі дәлел болмақ.


Даңқ орденінің үш мәрте иегері М.Шамовқа арналған ескерткіштің аталмыш ауылда тұрғызылғаны көпшілікке белгілі. Батырдың тұрған үйінің жанынан ашылған ескерткіш пен мәңгілік алауға ауыл тұрғындары жыл сайын тағзым етеді. Бүгін де сол алаңға Жеңіс күнінің кезекті мерекесіне орай сұрапыл жылдары кезіндегі Семиглавый Мар станциясынан майданға аттанған 150 боздақтың есімі жазылған тақта қосылды. Соғыс ардагерлері, құрбан болған және хабарсыз кеткен ерлерге арналған тақтаны ашу Даңқ орденінің үш мәрте иегері, батыр  М.Шамовтың қызы Галина Михаилқызы мен аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызына табысталды.

Өз кезегінде Л.Жұбанышқалиева аталмыш шараның маңызына тоқталып өтті.

  • Ел басына қара бұлт төнген шақта жанын қиған ерлердің есімі мәңгі ардақталуға тиіс. Қолындағы күрегін қаруға ауыстырып, кеудесін оққа тосқан боздақтардың барлығы да батыр. Жеңіс күні қарсаңында осындай шараны ұйымдастырып отырған ауыл тұрғындары өздерінің ауызбіршілігін, достығын көрсетіп отыр. Сіздің осындай игі істеріңіз өсіп келе жатырған ұрпаққа үлгі болмақ. Сондықтан еңбектеріңіз жемісті де табысты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай,- деді өз сөзінде Люция Әсетқызы.

Шара барысында ауыл орталығынан бастау алған «Мәңгілік полк» шеруі жүргізілді. Бір ерекшелігі аталмыш шеруде соғыс жылдарындағы көрініс, жаралы солдаттар мен атты әскерлер орын алды. Әсіресе көптің көңілін аулаған ауыл тұрғындарының қолынан жасалған «7-гвардиялық полк» танкі болды.

Кезегімен сөз алған Достық ауылының әкімі А.Ташимов ескерткіш тақтаның бой көтеруі елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқанын тілге тиек етті. — Жас буын ұрпақтың алдында ерлігімен елге танылған азаматтардың атын айту, өмірін насихаттау маңызды. Бұл ұрпақ бойына рух беріп, еліне деген сүйіспеншілігін арттырады,- деді. Сондай-ақ шараның өтуіне белсенділік танытқан ауыл тұрғындары А.Құспанов, Б.Ахметов және Т.Султановаларға алғысын білдірді.

            Әсем СЕРІКҚАЛИ