9.05.2018, 15:28
Қараулар: 138
Жеңіс мерейі асқақ

Жеңіс мерейі асқақ

Мамыр айының шуақты күндерімен бірге аудан тұрғындары Ұлы Жеңістің кезекті 73 көктемін атап өтті. Жыл санап қатары азайған соғыс ардагерлері шараға қатыса алмаса да, бағасы биік бұл күн әр жанның мерейін асырғаны рас.


Сұрапыл жылдарды көзбен көріп, кеудесін оққа тосқан ардагерлер саны жыл санап сиреуде. Бүгінде аудан бойынша екі соғыс ардагері Рабиға Зайнуллина мен Меңдіғали Калмурзин болса, Мұқаш Төлебаев сол қатарға теңестірілген. Бұл туралы тыл және еңбек ардегерлерін шара барысында құттықтаған аудан әкімі С.Әлиев айтып өтті.

  • Қаптаған оқ пен оттың астында етігімен су кешкен жауынгерлер, жалғызының амандығын тілеген ана, бауырын аңсаған іні, тірегін күткен келіншек — сол жылдардың көрінісі, бүгінгі күннің – аңызы мен өнегесі. Келешек үшін жанын қиған боздақтардың есімі мен ерлікке толы өмір жолы әрбіреуіміздің жадымыздан шықпауға тиіс. Ұлы Жеңістің маңызын сары майдай сақтап, өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазынадай қалдыруда еш аянып қалмайық. Ұлы Жеңістің туы желбірей берсін,- деді өз сөзінде Санжар Жұматайұлы. Мұнан соң аудан орталығындағы Абай алаңында сап түзеген тұрғындар мен мектеп оқушылары, мекеме қызметкерлері мен еңбек ардагерлері «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты. «Азалы ана» мемориалдық кешеніне дейін жалғасқан сапта Ұлы Жеңіске арналған әндер шырқалып, баласының болашағы үшін жанын қиған боздақтардың фото-суреттері көрсетілді.

Бейбіт күнде сұапыл жылды еске салып, Отан – Ананың махаббатын сездіретін «Азалы ана» мемориалдық кешенінде туған елден бір уыс топырақ бұйырмаған боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, рухтарына тағзым етіле гүл шоқтары қойылды. Шара соңы аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары ұсынған «Жасасын жеңіс ерлігі барлық солдаттың» тақырыбындағы театрландырылған концертіне ұласты.

Мерекелік кешке қатыса алмаған соғыс ардегерлерін аудан басшысы С.Әлиев пен мәслихат хатшысы С.Рахимов арнайы барып құттықтап, әділеттің ақ таңын атырып, тыныш өмір сыйлағаны үшін бүгінгі ұрпақ атынан алғыс білдірді.

 

Әсемгүл БЕКЕШЕВА