14.05.2018, 17:35
Қараулар: 398
Қасиетті ай аясында

Қасиетті ай аясында

«Руханият» қоғамдық бірлестігі және ауданның мұсылмандар мешітінің ұйымдастырумен облыстық мешіт жамағаты арасында «Тасқала барысы» қазақ күресінен ауданаралық сайыс өтті.


Діни сауаттылықты арттыру мен мешіт жамағатарының ауызбіршілігін насихаттау мақсатында оздырылған шараға Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарынан келген қатысушылар белсенділігімен көзге түсті. Сондай-ақ байқау Пайғамбарымыз (с.у.с) сүннеті болып саналатын спорт түрін жастар арасында кеңінен дамытудың маңызы аталмыш басқосуда көрсетілді.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ облыс орталығынан арнайы келген мамандар қасиетті Рамазан айының сауабын айтып, спорт мұсылман баласының серігі екенін тілге тиек етті.

Жарыс нәтижесінде 70 кг салмақта тасқалалық А.Мақашев жеңімпаз атанса, ІІ орынға сырымдық Б.Мұхитов, ІІІ орынға тасқалалық А.Асылбеков табан тіреді. Ал 90 кг салмақта сынға түскен жерлесіміз С.Юсупов жеңіс тұғырынан көрінсе, Сырым ауданынан келген С.Аманов, Ақжайық ауданының намысын қорғаған А.Өтешов ІІ және ІІІ орындарды бөлісті.

90 кг жоғары салмақта бақ сынасқан ақжайықтық Е.Белялов І орынды қанжығасына байласа, тасқалалық М.Менияшов пен зеленовтық Н.Ғалым жүлделі ІІ және ІІІ орынды қанағат тұтты.

 

Б.Шақаев,

«Руханият» қоғамдық бірлестігінің төрағасы