17.05.2018, 15:13
Қараулар: 125
Тасқала «Тарихтан тағылымында»

Тасқала «Тарихтан тағылымында»

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында аудан көлемінде атқарылған шаралар, қолға алынған игі істер облыстық «Aqjaiyq» арнасының «Тарихтан тағылым» бағдарламасында талқыланды.

  • Аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда біркелкі шаралар атқарылды, алда әлі де жалғасады деуге болады. Әсіресе халық қазынасын, ұлт мүддесін дәріптейтін, қазақы тәрбие мен төл өнерді паш ететін шараларға көбірек назар аударылуда,- деді бағдарламаның жүзеге асуына жауапты аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева.

Сондай-ақ түсірілімге қатысқан аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ж.Бисенғалиева, тарихшы мұғалім А.Дүйсенов атқарылған жұмыстар мен жоспарда тұрған жобалар туралы әңгімеледі. Әсіресе тарихи мекенге айналған Ешкітауға жасалған экспидициялар, аудандағы 12 халық театрының өткені мен бүгіні, төл өнерді насихаттаған «Ит төресі – тазы» қазақы аңшы иттердің жарысы тілге тиек болды. «Өз балаңа домбыра сыйла» акциясы мен еркітілер мен қолөнершілерден құралған үйірме, халық театрларының мирасқоры болған жас өнерпаздардың «Бал өнер театры» секілді жобалар да айтылды.

Бұған қоса, «Туған жер» бағдарламасы аясында ауыл азаматтары мен меценаттардың тікелей қолдауымен ағымдағы жыл ішінде  23,700 мың теңгеге жүзеге асатын 14 жоба назардан тыс қалмады. Атқарылған жұмыс бір ғана адамның емес, бар халықтың еңбегі екеніне ешкім дау айтпас.

Меңдібек ЛҰҚПАНОВ,

Тасқала ауданы