18.05.2018, 10:00
Қараулар: 133
Көктемгі далалық жұмыстар қарқынды жүруде

Көктемгі далалық жұмыстар қарқынды жүруде

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты биылғы жылы    егіс жұмыстары   уақытынан кешеуілдеп басталды. Десекте  жаздың әр күнін  жылдық азыққа балаған диқаншылар үшін нағыз қарбалас сәт.


Өйткені  несібесін жерден тауып, жылдар бойы диқаншылықпен айналысып жүрген шаруалар үшін бір минуттың өзі қымбат. Сондықтан қыс бойы соқаларын сайлап, қажетті техникаларын дайындап  үлгерген олар, күн жылына сала бірден іске кірісті.

Ауылшаруашылық бөлімінің  бас маманы Х.Омаровтың берген мәліметіне сүйенетін болсақ бүгінгі таңда аудан бойынша ылғал жабу жұмыстары толықтай аяқталған. Жыл сайын егін шаруашылығымен айналысатын 60 шаруа қожалығының 17 – сі далалық жұмыстарға толықтай кіріскен.

-Былтырғы жыл да шаруалар үшін жаман болған жоқ. Биыл да мол өнім алуға мүмкіндік бар. Оған ылғал жеткілікті.

Қазіргі таңда дәнді себу алдындағы өңдеу жұмыстары толықтай аяқталды. Яғни, жоспар  20,2  болса, ол 16,1 пайызға орындалды.

Сондай-ақ,  дәнді дақылдар егу 17,7 гектарға  жоспарланса, бүгінгі таңда ол 3,9 пайызға орындалды. Оның ішінде, жазғы бидай 1,1 гектар болса, арпа 2,6, сұлы 0,2 гектарды құрап отыр. Ал майлы дақылдар жоспар бойынша 2,5 гектар.  Оның ішінде күнбағыс 0,70, сафор 0,85 гектар егілді.

1 маусымнан кейін бау-бақша жұмыстары қолға алынатын болады- дейді аталмыш мекеменің маманы Хамит Сәрсенұлы.

Далалық жұмыстардың ойдағыдай жүруіне техниканың да қосар үлесі зор. Аудан диқандары мүмкіндігінше жыл сайын ауылшаруашылығы техникаларын жаңалауға талпынады. Алайда оған бәрінің бірдей қолы жете бермейтіні анық. Сондықтан қолда бар ескі техникаларды майлап-сайлап іске қосып келе жатқандары да жетіп артылады.

Әрине, «балапанды күзде санайды» демекші нәтиже жиын-терімде белгілі болары анық. Дегенмен еңбектің еселеніп, жұмыстың жандана түсуі еңбекқор диқанның қолында екенін ұмытпайық.

Ендеше маңдай термен атқарған еңбектеріңіз өнімді, ырыстарыңыз толымды болғай, диқаншылар.

Назгүл Серікқызы