18.05.2018, 10:11
Қараулар: 430
«Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет…»

«Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет…»

Мемлекеттік қызметкердің мәртебесін асырып, сала мамандарына деген сенім мен құрметті арттыратын айтулы күн де жақындады. Мерейлі күнге байланысты мамандардың еңбегін газет бетіндегі аталмыш айдардан көре аласыздар.


            Елімізде бір мемлекеттік қызметкерге 171,6 азаматтан келсе,  Австралия, Финляндия, Ирландия, , Франция, және АҚШ жерлерінде 116 адамнан шағады. Бұл біздегі мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы өзге елдермен салыстырғанда қиын екенін көрсете ме, әлде әлі күнге бір жүйеге түсе алмай жүрміз бе?

Мекемеге келген хатқа жауап жазу, арыз қабылдау, құжаттардың түгел болуын тексеру – Нұрсұлу Шерниязқызының 29 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысы. Қарапайым отбасында туып өскен кейіпкеріміз есейе келе мемлекеттік қызметші боларын ойламаған болу керек. Алайда тағдыр жолы оны осы арнаға өзі бұрды.

  • Мен і Қазақстан ауылдық округінде туып, сол жерде өстім. 1978 жылы Ақтау ауылынан мектеп бітірдім. Оралда тігінші курсын оқыған соң, Шежін ауылында қызмет атқардым. Аздан соң көршілес Саратов облысына барып білімімді жетілдірдім, ол жақта 4 жылдай жұмыс жасадым. Алайда тағдырдың маңдайға жазғаны сол болса керек, елге оралған соң Достық ауылына қызметке орналастым. Сол кездегі ауыл советінде кассир қызметін атқардым. Ол — менің мемлекеттік қызметім басталған уақыт,- деп өткенге көз жүгірткен Нұрсұлу ханым әңгімесін әріден бастады.

Қазақтың байырғы кезден қыз баланы жат жұрттық деп танығаны белгілі. 1989 жылы Нұрсұлу Шерниязқызы атасалтымызбен  өз алдына отау тігіп, тұрмысқа шығады. Адал жар, ибалы келін, аялы ана атанған кейіпкеріміз қызмет жолын да жалғастыруды құп көрген. 1993 жылы Тасқала ауылдық округінің әкімі аппаратына орналасқан оның сол орында отырғанына биыл 25 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде қызмет жолыңызда  қандай қиындықтар болды, не өзгерді деген сұрағымызға кейіпкеріміз байсалды жауап қайтарды.

  • 2013 жылы бізге жаңадан 3 штат қосқан соң қызметіміз бөліне бастады. Ол уақытқа дейін бір адам барлық қызметті атқара беретін, санасу деген атымен болмайды. Өзім көбінесе жер мәселесімен айналысқандықтан тұрғындардың кезекке тұруы, шешім шығару, комиссияға жіберу секілді ұсақ-түйек жұмысқа қатты мән беремін. Алайда қазіргі таңда архив құжаттарымен, мекемеге түскен хаттарға жауап жазумен айналысамын. Оған қоса, арыздарды қабылдау, құжаттар айналымы секілді жұмыстар да бар,- дейді ардагер маман.

Қазір бұрынғыдай емес заман өзгерді. Барлық жұмысты компьютер арқылы атқарамыз. Бір сөзбен айтқанда бұрынғыдан жұмыс жеңілдеді. Ал осыған дейін  жазу машинасымен жұмыс жасаған аға буын өкілдері сол кезде уақытпен санаспай еңбек етті. Мойындарына үлкен жауапкершілікті де  ала білді.

  • Осы мекемеде менімен бірге қызмет атқарған жандар қатары бүгінде қалған жоқ. Біз бәріміз бір жұмысты бірігіп істеген күндеріміз де болған. Бұл менің міндетіме кірмейді дегенді айту түгілі, ойламайтынбыз. Керісінше қасымыздағы мамандар үлгере алмай жатса көмектесе кететінбіз. Жазу машинасымен қызмет атқардық, қате жіберуге болмайды. Бір қателік бар жұмысты басынан бастап  жасауға алып келеді. Ал қазір компьютер, бәрін соған тіркейміз, электронды пошта арқылы керек құжатты сұратып аламыз, ғаламтор желісі де жақсы. Қазір білекті сыбанып, қызметке кірісу ғана керек. Уақыт өткен сайын жұмыс жасау жеңілдеп келеді, тек өзгермейтіні – міндет пен жауапкершілік.

Ширек ғасыр бойы бір қызметті атқарған маманның жастарға айтары бар, әрине. Ал кейіпкеріміз өз кезінде кімнен ақыл сұрады, кімге қарап бой түзеді екен?

  • Өмір жолымда жақсы адамдар көп жолықты. Сол үшін Аллаға шүкір деймін. Маған әріптес болған жандар көңілі ашық, жүрегі кең, өзгеге жақсылық ойлайтындар еді. Ондай кісілерден үйренерім көп болды, үйрендім де. Алғаш қызметімді бастаған жылы В.Фролов, К.Батырашева, Л.Бозова секілді мамандармен қызметтес болдым. Олар маған жұмыстан қорықпауды, білмегенді сұрауды үйретті. Сондай-ақ Л.Данскова, М.Айтжанов, А.Строк, Г.Турганалиевтермен де жұмыс жасадым. Әрқайсысы – өз ісінің маманы, нағыз шеберлері еді,- дейді Нұрсұлу Балмулдина.

Тағы бір сөзінде кейіпкеріміз «Жастарға білмегендеріңді сұраңдар, үйреніңдер. Ол ұят емес, керісінше бірнеше жыл атқарып отырған қызметіңде қателік кетсе, сол кезде   ұят болады деп айтып отырамын. Өйткені біз кетеміз, ал жұмыс жас буынға қалады. Сондықтан олардың ауыр жұмыстан қашып, жеңіл қызмет таңдауы жараспайды» дейді.

29 жыл – жиырма тоғыз күн емес. Басшы ғана емес, дәуірдің өзі өзгерген кезде қызметті абыроймен атқару – үлкен еңбекпен келген бақыт. Өмір жолында үйренгенді жастарға жеткізе білген Нұрсұлу Шерниязқызына  біз де толағай табыс тіледік.

Әсем Батырашева,

Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының  маманы:

  • Бұл мекемеде қызмет атқарғаныма 10 жылдың жүзі болды. Еңбек жолымда көптеген адамдарды кездестірдім, әрқайсысынан жаңа бір дүниелерді үйрендім. Әсіресе, Нұрсұлу Шерниязқызына айтар алғысым шексіз. Ол кісі – еңбек жолымдағы ғана емес, өмір жолымдағы ақылшы ұстазым. Өте қарапайым, адамгершілігі мол жан. Біреуге әркез  қол ұшын беруге дайын тұрады.

Оның еңбек өтілін бізбен салыстыруға келмейді әрине. Алайда Нұрсұлу Шерниязқызы жаңадан жұмысқа келген жас мамандарға жаны ашып, оларға айтар ақылы мен  созар көмек қолы өз алдына бөлек әңгіме.

Бізге әрдайым «білмегендеріңді сұраңдар» деп отырады және алдына барған жанға көмегін аямайды.

Әріптестеріміздің барлығы да Нұрсұлу Шерниязқызын мақтан тұтады. Оған  алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

25 жыл бой бір мекемеде мемлекеттік қызметті үзіліссіз абыроймен атқарып келе жатқан әріптес апама мен де ризашылығымды білдіріп, отбасы бақытын тілеймін. Еңбегіңіздің зейнетін көруге жазсын.

Әсем Серікқали