18.05.2018, 17:26
Қараулар: 492
Әскери тәртіптен хабар алды

Әскери тәртіптен хабар алды

Әскери өмірдегі тәртіпті көру, оның қыр-сырына қанығу – кез-келген ер жігіттің арманы, міндеті. Осы айтылғандарды жүзеге асыру мақсатында құрылған аудандық «Айбын» оқу-далалық жиынының ашылғанына биыл 17 жыл.

Бұл жерде дене шынықтыру жаттығулары мектептегідей емес, күрделі. Ал саптық және тактикалық дайындықтардың мәселесі бөлек. Ескертусіз кетіп қалуға, қалағанша ұйқыны қандыруға да бұл жерде орын жоқ. Сондай-ақ ішкі қызмет, саптық және гарнизондық-қарауылдық жарғы бойынша өмір сүру жігіттеріміздің білімін шыңдап, әскери өмірге деген көзқарасын өзгерткені рас. 5 күнге созылған «Айбын» оқу-далалық жиынының бұл жолғы да дәстүрлі кезеңі қорытындыланды.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева мемлекеттік ту астында сап түзеген жастарға сәттілік тіледі.

  • Жастар ұлттық тәрбиеден нәр алса, бұның айыбы жоқ. Сіздердің әскери өмірден хабар алып, қазірден бастап өздеріңді соған бейімдесеңдер сендерден жақсы маман, керемет ел қорғаны шығады. Мемлекетіміздің абыройын асқақтатар азамат болуларыңа тілектеспін,- деген Люция Әсетқызы оқу-далалық жиынында белсенділігімен көзге түскен бір топ жас сарбаздарды марапаттады.

Мұнан соң оқушылар әскери жиын барысында үйренген дефиле, «Қоян – қолтық шайқастан» көрініс көрсетті. Жиналғандар назарына әскери шеруді ұсынды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА