25.05.2018, 18:44
Қараулар: 4
Жерлестер форумы жалғасуда

Жерлестер форумы жалғасуда

…Мекен ғып сені тұрады игі жақсылар,

Жанары жарқын, жүрегі таза, пәк-тұмар.

Солармен күнде амандық-саулық сұрасып

Жүрудің өзі – тәңірім берген бақ шығар,- деп ауыл ақсақалы Ж.Үмбетәлиев жырға қосқандай, Мерей жері – талай әнші мен биші, сал мен шешен шығарған құтты мекен. Тарихы тереңнен бастау алатын ауылдан өз кезінде түлеп ұшқан түлектердің бүгінде атамекендеріне айтар алғыстары мол.

            Естеріңізге салсақ, өткен аптада Мереке ауылдық округінде өткен «Туған жерге тағзым» жерлестер форумы туралы жазып, назарларыңызға ұсынған едік. Бүгінгі күн аталмыш форумның Мерей, Оян және Шежін ауылдарында жалғасқаны жайлы айтамыз.


«Мерейлі мекен – Мерейім»

Тура осылай аудан әкімі С.Әлиев пен БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары С.Дүйсентегінің қатысуымен өткен Мерей ауылдық округіндегі жерлестер форумы аталды. Өткен мен келешекті екі жарып түсіне білген түлектердің ұшқан ұяға деген сағынышын арттырып, туған жер алдындағы жауапкершілігін молайту мақсатында өткен жиынға ауыл ақсақалдары мен жастары қоса қатысты.

Алдымен «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған жиын қонақтары мектеп түлектерінің соңғы қоңырау шарасының куәгері болып, үлкен өмір табалдырығын аттағалы тұрған қыз-жігіттерге сәт сапар тілесті. Сондай-ақ шараның негізгі қонақтары болған мектептің 10, 20, 30 және 40 жыл бұрынғы түлектері өзіндік сый-сыяпаттарын ұсынды. 40 жыл бұрынғы түлектердің атынан сөз алған аталмыш мектепті алғаш боп алтын медальмен тәмамдаған  Г.Тұрғаналиев ұстаздар қауымына деген игі тілегін жеткізіп, алғысын білдірді. Сол уақытта ие болған медаль белгісін мектеп мұражайына табыс етті. Жалпы 1978 жылғы түлектер алтын ұяның бір топ оқушыларына қазақтың домбырасын сыйға тартты.

Мұнан соң мектеп мұражайымен танысқан форум қатысушылары ол жердегі көне жәдігерлер  тарихынан хабар алды. Ауыл қазынасына айналған дүниелерді тамашалап, олардың жас буын үшін аса қажет боларын сөз етісті.

Ал дөңгелек үстел отырысына қатысқанда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында қолға алынған жоба жұмыстарын көрді. Бұл орайда Мерей ауылының болашақтағы көрінісін таныстырған жоба көптің көңілін тапты. Ауыл жанында орналасқан бөгеттің суын толықтырып, сол арқылы балық шаруашылығын бастау, ауыл телевизиясын орнату, спорт алаңынан бөлек бассейн және шағын саябақ салу жерлестердің ауыл келешегіне деген сенімін нықтай түсті. Жоба құны қомақты қаражатты талап етсе де, бірнеше жылда жүзеге асуы әбден мүмкін екеніне сендіреді.

Шара соңы көркемөнерпаздар ұсынған мерекелік концертпен қорытындыланды. Ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған спорттық сайыстар да қатысушылардың көңілін серпілтіп тастады.

Өзге ауылдық округтерде ұйымдастырылған жерлестер форумы жайлы алдағы уақытта әлеуметтік желіден және газетіміздің келесі нөмірінен оқитын боласыздар.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА