1.06.2018, 9:30
Қараулар: 142
Ауыл мерейін асқақтатқан күн

Ауыл мерейін асқақтатқан күн

Жұма күні Оян ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Туған жерге тағзым» атты  жерлестер форумы өтті. Аталмыш шараға сол кездегі  «Степной» кейіннен  Оян орта мектебін осыдан 5, 10, 20, 25, 30, 40, 50 жыл бұрын бітірген түлектер  мен аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов, аудандық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әкімгері М.Лұқпанов, ауылдық округ әкімі Г.Мұхамбетқалиева мен аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Панфилова, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.


Қашанда ауызбіршілігі мол, айрандай ұйыған ояндықтардың  бұл жолы аталмыш форумға үлкен жетістікпен келгенін айта кету керек.  Алдағы уақытта істеледі деген сөзден көрі бірден іске кіріскен олар  сол күні іске қосылған  бірнеше жобаның салтанатты ашылуына қатысты.

Алдымен ат басын елге бұрған түлектер ауыл шетіндегі  түнде сәуле шашып тұратын «Менің жүрегім Оян» белгісінің ашылуына атсалысты. Аталмыш жоба 10 жылдық мектеп бітірушілердің демеушілігімен іске асты. Оның құны 400 мың теңгені құрайды. Аталмыш жобаның лентасын  ақсақалдар алқасының төрағасы Д.Габбасов пен мектеп түлегі М.Батырғалиев қиды.

Одан әрі түлектер  мен ауыл тұрғындары Ұлы отан соғысында қаза тапқандарға арнап бой көтерген ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Содан соң мектеп ауласында ұйымдастырылған соңғы қоңырау салтанатына қатысты.

Жиында аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен мектеп бітірушілерді, ұстаздар қауымын аудан әкімі С.Әлиевтің, аудандық мәслихат пен депутаттар атынан  құттықтады. Содан соң  әр жылдары мектеп бітірген түлектер сөз алды. Айта кету керек, мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған 1978 жылғы түлектер  мектепке  220 мың теңгеге 10 домбыра мен подставканы салтанатты түрде табыс етсе,  мектеп бітіргендеріне  25 жыл болған түлектер де 230 мың теңгенің домбырасын сыйға тартты.

Ал 5 жылдық  түлектер  мектепке 230 мың теңгенің спорттық формасын алып берді.

Жиында сөз алған мектеп директорының міндетін атқарушы А.Хойрашева мектеп оқушылары мен ұстаздарды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтап, қонақтарға қош келдіңіздер айтты.

Ауыл кәсіпкерлері 1,5 млн теңгеге  ойын алаңын салды

Шараға жиналғандар мектеп ауласындағы ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен балаларға арналған ойын алаңының ашылуын тамашалады.

Қосшы ауылдық округінде ірілі-ұсақты барлығы 30 шаруашылық тіркелген. Сол кәсіпкерлердің демеушілігімен мектеп ауласында балаларға арналған әдемі ойын қалашығы бой көтерді. Жоба құны 1,5 млн теңгені құрайды.

Аталмыш нысанның лентасын ауыл кәсіпкерлері Б. Қуанышқалиев  пен Е.Ерікбаев  қиып, балалардың алаңсыз демалуына сәттілік тіледі.

Жаңа стадион бой көтерді

Одан әрі қонақтар аудандық бюджеттен бөлінген 4700 мың теңге қаражатқа бой көтерген жаңа стадионның ашылуын тамашалады. Стандартқа сай жабдықталған стадионда жаз бойы оқушылар футбол, волейбол, баскетбол түрлерінен ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, спортты дамытуға өз үлестерін қосатын болады. Аталмыш нысанның лентасын аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов пен Қосшы ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы Д.Темірәлиев кесті.

Стадионға кірген қонақтар мектеп оқушыларынан құралған команданың ойынын тамашалады. Алғашқы допты тебу құрметі мектептің 1988 жылғы түлегі, польковник Е.Сидағалиевке бұйырды.

Мектеп мұражайы мен акт залы  жаңартылды

Содан соң 1998 жылғы мектеп бітірген 20 жылдық түлектердің қолымен 450 мың теңгеге  күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан  жаңартылған мектеп мұражайының ашылу рәсімі өтті.

Содан соң қонақтар 1988 жылғы мектеп бітірген 30 жылдық түлектердің демеушілігімен 350 мың теңгеге  күрделі жөндеуден өткен жаңа акт залының ашылуына қатысты. Оның лентасын мектеп түлегі А.Бекешев пен қызы А.Панфилова кесіп, қонақтарға қош келдіңіздер айтты.

Одан әрі осы жерде форумға жиналған қонақтар ауыл тарихынан сыр шертетін бейне роликті тамашалап, мектеп оқушылары жаңа сахнада өнерлерін ортаға салды.

Айта кету керек жерлестер форумына  1988 жылғы түлектер үлкен дайындықпен келген. Рухани жаңғыруды өздерінен бастаған олар мектеп формасын қайтадан киіп, кейінгі оқушыларға үлгі көрсетті. Бастарына ақ бантик байлап, ақ фартук таққан қыздар мен ақ көйлек киген жігіттер бір сәт болса да  мектеп кезіндегі оқушы сәттеріне оралып, жиналғандарға музыкалық сәлемдерін жолдады.

Осылайша жерлестер форумы түсқайта 30 жылдық түлектердің «Ретро» әндерден ұйымдастырған мерекелік кешімен  аяқталды.

Р.S. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа жобалар қолға алынып, мектеп түлектері туған жерге барып, қолдан келген көмектерін беруде. Алдағы уақытта бұл үрдіс өз жалғасын тауып, туған елге құрттай болса да өз үлесімді қоссам деген азаматтар мен азаматшалар  елге қажетті  тың жобалар мен игілікті  істердің жүзеге  асуына қол ұшын берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Халқымыз «Көп түкірсе-көл» немесе  «Теңіз тамшыдан құралады» деп бекер айтпаса керек. Қолымыздан келген құрттай көмегімізді  халық игілігіне ұсынып, келер жылы да әр түлек ауылдың гүлденуіне өз үлестерін қосады деген сенім мол.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ