1.06.2018, 19:21
Қараулар: 7
Жобаның алғашқы кезеңі қорытындыланды

Жобаның алғашқы кезеңі қорытындыланды

«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының іріктеу кезеңі ауданымызда өтіп, оған ұлттық өнерді дәріптеп жүрген бір топ үміткерлер қатысты.

Төл өнерді паш еткен шара аудан көркіне айналған Ешкітаудан бастау алды. Тау етегінде тігілген киіз үй, ақ дәм ұсынған ақ жаулықты аналар, батасын берген ата-әже ұлттық құндылықтарды тағы бір рет  еске түсіргендей. Шырқалған әсем ән мен орындалған тәтті күй қатысушыларға байқау алдындағы қорқыныштарын жеңуге көмектесіп, қазақтың дархан мінезінен сыр шерткендей болды.

Бұл күні атамекенімізге табан тіреген облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері Е.Молдағалиев пен «Ақжайық» телеарнасының тақырыптық бөлімінің шеф редакторы Г.Тілеубаева өнерпаздарға әділ бағаларын да берді. Сондай-ақ қазылар құрамында қонақтарға қош келдің айтқан аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева мен аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ж.Бисенғалиева болды.

Киелі сахнада өнерлерін ортаға салған қатысушылар төл дүниені дәріптеген кештің ерекше көркін кіргізді.

Әділқазылар шешімімен байқаудың облыстық кезеңінде жас өнерпаздар Б.Қажығалиев, М.Аманғалиев, М.Жанбылов және М.Сәмиева аудан намысын қорғайтын  болады.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА