1.06.2018, 15:24
Қараулар: 16
«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»

Тура осындай атаумен аудандық мәдени-демалыс орталығында саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиа төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, аудандық мешіт имамы А.Ибрашев, тарихшы мұғалімдер мен сұрапыл жылдар куәгерлері қатысты.


            Алдымен құрбан болған боздақтардың рухына құран бағышталып, бет сипалды. Содан соң жазықсыз өлім құшқан жандар мен олардың өмір жолы, сол кездің салқын саясаты туралы пікірлерін талқыға салды. Бірінші болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

  • Өткен күн – тарих. Оның қашанда болашаққа айтары бар. Өткенді білмей келешекке нық қадам жасау мүмкін емес. Сондықтан тарихты білу, оны жас буынға жеткізу – сіз бен бізге міндет. Ел басына күн туғанда қолына қару алып жанын пида еткен бабалар мен кеше өткен салқын саясат құрбандарының алдында біз қарыздармыз. Олар жазықсыз қудаланды, кінәсіз жазаланды. Олардың атын айтып, рухына тағзым жасауға тиіспіз,- деді Люция Әсетқызы.

Кейіннен сөз алған шара қонақтары да өз білгендері мен естігендерін, есте қалғандарын айтысты. Тарихшылар да сол кездің жан түршігерлік оқиғаларымен бөлісті. Олардың айтуынша қолдан жасалған аштық пен саяси қуғынның негізгі мақсаты халық санын мейліңше азайту, тіпті құртып жіберу болды. «Сәулет» мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Ғ.Шакиров: — Бұрындары қуғынға ұшырағандар қатарында тек қана малы көп, жағдайы жақсы ақсүйектер болды десе, бүгінде қолға тиген деректер ол мәліметті жоққа шығарады. Өйткені құрбан болғандардың қатарында ешқандай дүниесі жоқ қарапайым шаруа адам мен біреудің есігінде күн көрген кедей де болған. Сонда ол саясаттың мақсаты қандай болуы мүмкін? Басында халық бұндай оқиғадан шошып жүрсе, кейін бойлары әбден үйренген. Таңертең тұрғанда кейбір үйлердің түндігі ашылмаса немесе одан ешкім шықпаса таң қалмайтын жағдайға жеткен,- дейді.

Сұм саясат уақытында ауданымыздан 129 адам «халық жауы» атанып, оның 31-і ату жазасына кесілген. Олардың қатарында есепші мен ағаш шебері, қарапайым шаруалар да болған. Біреулері жазықсыз оққа ұшса, енді біреулердің өмірі лагерлерь мен түрмелерде өткен.

Шараға қатысқандар ел тыныш, халық аман болсын деген тілекпен тарқасты.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА