8.06.2018, 9:12
Қараулар: 5
Тарихты көзбен көріп…

Тарихты көзбен көріп…

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Сәулет» мектеп-лицейі оқушыларына «Тасқала – Чапаев – Бөкей Орда — Тасқала»  маршрутымен өлкетану – туристік саяхаты ұйымдастырылды.


   Екі күнге созылған экспедиция барысында оқушыларға Чапаев қаласы мен Бөкей Орда ауданында орналасқан тарихи мұражай кешені таныстырылды. Сондай-ақ В.Чапаевтың қаза болған жері және Даңқ аллеясы да назардан тыс қалмады.

Тарихи мекенге Ақжайық, Казталовка және Жәнібек аудандарының аумағы арқылы аттанған саяхатшыларға жол бойында кездескен мекендердің тарихы мен табиғи ерекшелігі әңгімеленді. Атап айтсақ, қазіргі Казталов ауданы бұрындары Казачья Таловка болса, Жалпақтал өз кезінде Сломихинская станица атауын иемденген.

Ал Бөкей Ордасы ауданына табан тірегенде жас туристер назарына мұражай кешені ұсынылды. Әсіресе қару-жарақ палатасы мен Жәңгір хан ставкасы оқушыларға ерекше әсер етті.

Бұл жолғы саяхаттан алған мәліметтер алдағы оқу жылында өтетін Бөкей Ордасы тарихы, Исатай мен Махамбет көтерілістеріне арналған тақырыптарда оқушыларымызға қызмет ететін болады.

                      Н.ШАПИКОВ,

 «Сәулет» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі