8.06.2018, 11:54
Қараулар: 17
Мектеп түлегі – ел болашағы

Мектеп түлегі – ел болашағы

  Әр оқу жылы аяқталысымен мектеп түлектерімен қоса ата-аналарда  толқу пайда болады. Балам ҰБТ сынағын қалай тапсырар екен. Тиісті балын жинай ала ма?, тағы қандай өзгерістер енгізілді екен ,-  деген ойлар кез-келген ата-ананы мазалайтыны жасырын емес. Осыған орай аудандық білім бөлімінің бас  маманы Г.Батырғалиеваға жолығып, ҰБТ жөнінде  білдік.


Жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, осы арқылы өзіне деген сенімін нығайту, өз жолын өзі таңдауға  түрткі болу – бүгінгі таңның басты мәселесі. Былтыр ҰБТ өткізу форматының  өзгергені белгілі. Сондықтан  20 маусым мен 1 шілде күндері қорытынды аттестаттау өтеді. Оған аудан бойынша 11 сыныпты  бітірген 140 оқушының  98-і қатысуға өтініш білдіріп отыр,-дейді Гүлмира Боранғалиқызы.

Айта кету керек биылғы жылғы мектеп түлектерінің 14-і «Алтын Белгіге», 3-і «Үздік» аттестатқа үміткер.

  • Мектеп бітірушілер былтырғы жылғыдай екі емтихан тапсырады. Мектепте өтетін қорытынды аттестация және тестілеу пункттерінде өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу.

Жоғары оқу орнына түсу емтихандары 5 пәннен тұрады, Оның ішінде 3 міндетті пән және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейіндік пән. Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма; Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма; Қазақстан тарихы – 20 тапсырма; 2 бейіндік пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 сұрағына бес жауап нұсқасы берілген, оның тек  біреуі ғана дұрыс. Сәйкесінше әр дұрыс жауап 1 балл. Ал қалған 10 сұраққа сегіз жауап нұсқасы беріледі, сегіз жауап нұсқасында бір, екі немесе үш дұрыс жауап болуы мүмкін. Тест тапсырушы барлық дұрыс жауапты белгілесе 2 балл, ал біреуінен қателессе 1 балл алады. Жалпы тапсырмалар саны 120.. Бірақ, максималды балл 140. Шекті деңгей – 50 балл. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут.

Барлық білім ордаларында мектеп түлектері үшін емтихан  29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді, — дейді ҰБТ-ға дайындық жөнінде мәлімет берген аудандық білім бөлімінің бас маманы Г.Батырғалиева.

Олай болса  жас түлектерге сәттілік тілей отырып, жыл сайын білім көрсеткіші бойынша алдыңғы үштіктен көрініп келе жатқан тасқалалықтар биылда жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз.

            Е.ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала ауданы