12.06.2018, 15:06
Қараулар: 385
Ана мен бала бақыты назарда

Ана мен бала бақыты назарда

Дені сау бала. Сыйластығы жарасқан ата-ана. Бұл – жай отбасы емес, бақытты, тату жанұя. Ал сондай шаңырақтың астан-кестені шығып, ақырында екі жаққа кетіп тынуына кім кінәлі? Мұндайда ересектердің жараспаған көңілі бір шешімін табар-ау, ал арадағы бала тағдырын кім ойлайды?


Бұл мәселе аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның төрайымдылығымен өткен отырыста талқыланды.  Ауданымызға арнайы табан тіреген облыстық «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Қ.Мұқанова айтып берді.

  • Отбасы өмірді кемеліне келтіріп, бақыт әкелетінін естен шығарып аламыз. Уақытша қиындықтарға төзбей, өзара сыйластықты жоғалтамыз. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, функционалдық отбасын құру мақсатында жұмыстануымыз керек. Бұл ретте бізге гендерлік теңдік қана демеу бола алады,- деді Қадиша Халыққызы.

Аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызының айтуынша, аудан көлемінде мемлекеттік гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жоспарға сай іске асуда. Аудан әкімдңгң жанында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия тұрақты түрде жұмыс атқарып, жылына 4 мәрте басқосу ұйымдастырылады. Онда ана мен бала өлімін азайту, оларға медициналық қызмет көрсету жағдайын жасау, әйелдердің кәсіпкерлікке атсалысуы секілді мәселелер қаралады. 2014 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ана мен бала құқығын қорғау, гендерлік саясатты іске асуда.

Жиынға қатысқан әйелдерге арналған дағдарыс орталығының директоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Г.Шамкелова, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, эксперт, қаржыгер Ғ.Сатыбалдина да өз ойларын ортаға салды.

  • Облыс бойынша салыстырсақ Тасқала ауданынан біздің көмекке жүгінетін әйелдер саны аз. Алайда мүлдем жоқ емес. Көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, жолдасы ішімдікке салынған келіншектермен жолығамыз. Орталығымызға келген әйелдерге біз көмек қолын созуға дайынбыз,- деді Ганди Ізтұрғанқызы.

Жалпы гендерлік саясатты қалыптастыру мақсатында әйелдер қауымын іскерлікке тарту маңызды деп танылды. Сондай-ақ отбасы институтын нығайту, оның мәртебесін арттыру, жынысқа байланысты зорлық-зомбылықты жою мәселелерін назарда ұстау керек десті.

            Ә.БЕКЕШЕВА