18.06.2018, 10:07
Қараулар: 407
Ауылшаруашылығын дамыту керек

Ауылшаруашылығын дамыту керек

Дүйсенбіден бастап  жаңадан тағайындалған аудан әкімі Алдияр Халелов жұмыс сапарымен барлық округтер мен  елді мекендерде болып, халықтың әлеуметтік жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесіп қайтты.


Сапарды алдымен Мерей ауылдық округіне қарасты Аққайнар елді мекенінен бастаған аудан басшысы   халықпен кездесіп, барлық жиында көтерілген  түйінді мәселелерді тыңдап, қойылған сұрақтарды өз бақылауына алатынын жеткізді. Кездесу  барысында ауыл тұрғындарынан  шаруасын дөңгелентуге, кәсіпкерлерден кәсібін жандандыруға қандай қажеттілік керек екенін біле отырып, мал басын көбейтіп, егін салуға, бүгінгі таңда барлық жағдайлардың жасалып отырғанын тілге тиек етті. Сондықтан осы саланы дамыту үшін түрлі субсидиялардың беріліп жатқандығын, жаңа техника алам деушілерге қаржының белгілі бір пайызын мемлекеттің өзі төлейтінін, ауылшаруашылығы саласында түрлі  мемлекеттік бағдарламаларға қолдау болып отырғандығын атап өтті.

-Бүгіннен бастап ауылдарды аралап, тұрғындармен   танысайын деп, сіздерді  толғандырып жүрген мәселелер  болса тыңдап, ұсыныс-пікірлеріңізге құлақ түріп, оны алдағы өзімнің жұмыс жоспарыма енгізу бағытында келіп отырмын. Ауданымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан, болашақта ауылшаруашылығын дамытуға баса назар аударуымыз керек. Ол тек бір адамның қолынан келмейді. Бірігіп, ауызбіршілікте жұмыс істеуіміз керек.  Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып, көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Соны дер кезінде пайдаланып қалу керек,-деді Алдияр Сансызбайұлы өз сөзінде.

Одан әрі аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс  пікірлеріне құлақ түрді. Барлық ауылда өткен жиында  халықты мазалайтын бір ғана мәселе, ол күнделікті ішетін су мен жел болса жиі үзілетін электр тогының сымдары, қала берді көктем айларында су шайып кетіп, қатынас үзілетін жол. Жұмыссыз жастардың мәселесі мен мектепке, фельдшерлік амбулаторияларға «Жедел жәрдем» көлігінің қажеттілігі, бұралқы иттерді дер кезінде ату мәселесі де көтерілді.Сондай-ақ мал жайылатын жердің тарлығы да жиын барысында айтылды.

Тұрғындардың сұрағын мұқият тыңдаған Алдияр Сансызбайұлы кейбір елді мекендерде дүкендердің жоқтығын айта келіп,  күнделікті азық-түлік алу үшін ауыл орталығына немесе аудан мен қалаға ағылатын ағайынға өздері тұратын ауылда шағын дүңгіршек ашуға кеңес берді. Айтылған сұрақтардың қай-қайсысының да орынды екенін тілге тиек еткен аудан басшысы бұл жұмыстарды сараптап, бөлім басшыларымен ақылдаса отырып қаражатқа қарап шешуге тырысатынын жеткізді.

Р.S: Айта кету керек, Ынтымақ ауылында өткен жиында ауыл тұрғыны балаларға арналған ойын алаңын неге салып бермейсіз деген мәселе көтерді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында балаларымыз үшін  соны неге  өзімізге істемеске? Қаражат жетіп жатса әкімшілік ол жұмыстан қашпайтыны белгілі.  Естеріңізде болса аудандық «Екпін» газетінің  2017 жылғы 28 нөмірінде шежіндік азамат Р.Байтуковтың  өз қаражатымен балаларға арналған ойын алаңын салғаны туралы жазған болатынбыз.Жақында ояндық кәсіпкерлердің арқасында тағы да сондай шағын ойын алаңы бой көтерді. Осылардан неге үлгі алмасқа? Осылайша біз жастарымызды еңбекке, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейміз. Осындай игі істерді көрген кейінгі жастар ағаларына қарап еліктеп, олардың бойында да патриоттық рух оянар еді. Сөйтіп бір толқын бір толқынды тәрбиелейміз. Жастардың туған жеріне ат басын бұрып, ауылының көркейіп дамуына ат салысып, игілікті қадам жасауына осылайша септігімізді тигізер едік. Олай болса бос қарап отыра бермей, бізде бір мезгіл қолдан келген көмегімізді беріп,  туған жерге тарту жасайық, ағайын!

Назгүл СЕРІҚЫЗЫ