18.06.2018, 10:36
Қараулар: 18
Өнерге баға берер халық қана

Өнерге баға берер халық қана

«… Жоқ өлмеймін, правам жоқ өлуге,

Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда…» деп талант иесі өзі айтқандай, ақын өлмеді, қайта елінің қошеметімен мәңгілік ғұмыр жолына түсті. Өңір және аймақ тұрғындарының назарына ұсынылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының концерті де ақын шығармаларына арналды.


           Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының бастамасымен «Қадыр жолымен…» жобасы жүзеге асуда. Аталмыш жобаның қолға алынғанына бір жылдай уақыт болған. Сол аралықта жоба аясында өнерді дәріптеген шаралар ұйымдастырылып, көпшілікке жол тартқан. Соның бірі «Дала дидары» әдеби-сазды кеш.

  • Концерт барысында Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жыр шумақтары оқылады. Сондай-ақ өткір тілді, орақ ауызды ақынның қағытпа қалжындары мен даналық ойларына кезек беріледі. Жалпы бұл жобаның авторы орталығымыздың директоры, айтыскер ақын Бауыржан Халиолланың жетекшілігімен жүзеге асуда. Алдымен облыс орталығында тұсауы кесілген жоба осы аралықта біршама жерлерді аралады. Тек өңіріміздің аудандарында ғана емес, Атырау, Маңғыстау облыстарының сахнасында өнер көрсетті. Биыл мамыр айында Астана мен Алматы шаһарларында болып қайтты. Алдағы уақытта өзге де аймақтарды аралау жоспарда бар,- дейді орталық қызметкері, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында қолға алынған жұмыстың негізгі мақсаты төл өнерді дәріптеп, Қадыр ақынның шығармашылығын халыққа жеткізу. Құрамында орталықтың ғана емес өзге де мәдени ошақ өнерпаздары бар ұжымның ауданымызға табан тіреуі бірінші рет. Десек те, сахнада шырқалған ән мен оқылған жыр, айтылған әңгіме шараның көркін кіргізіп, халық қошеметіне ие болды. Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева өнер иелеріне сәттілік тілеп, аудан әкімі А.Халеловтың атынан алғыс хат табыс етті.

            Әсемгүл БЕКЕШЕВА