18.06.2018, 11:17
Қараулар: 51
Барады қанат қағып…

Барады қанат қағып…

Өткен аптада аудан орталығында 2018 жылғы мектеп бітіруші түлектердің қоштасу кеші өтті.


Шарада аудан әкімі А.Халелов 11 жыл бойы білім теңізінен нәр алып, мектеп атты білім ордасынан тәлім-тәрбие алған әрбір түлек үшін бұл сәт жаңа өмірдің бастамасы екенін айтты.

  • Алғашқы қоңырау балалық арманыңа жетелеп, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үні қанаттанған жастарды арман биігіне ұшырып, ең үлкен өмір мектебіне шығарып салады. Енді алда сіздерді үлкен сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Осы сыннан сүрінбей өтіп, қалаған мамандық иесі болуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Қашанда білім алу жолында жан-жақты ізденіп, парасатты ұстанымды қалыптастырып, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңыздар. Өмір жолдарыңыз түзу, сәттілік серіктеріңіз болсын, — деген Алдияр Сансызбайұлы түлектерге «Алтын белгі» белгісін тақты.

Аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов «Үздік аттестат» иегерлерінің қолдарына атестаттарын берсе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері  Б.Тасмағамбетов, педагогикалық қызметінің ардагері М.Набиева Қ.Сәтбаев, Ы.Алтынсарин, С.Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектептері мен «Сәулет» мектеп-лицейінің  түлектеріне аттестаттарын салтанатты түрде табыстады.

Кеште сөз алған «Алтын белгі» иегері Г.Қабдығалиева 11 жыл бойы білім берген ұстаздарына барлық түлектер атынан алғысын айтып, ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтайтындарына сенім білдірді.

Сондай-ақ шарада «Сәулет» мектеп-лицейінің түлектері «Қош, мектебім» әнін шырқады. Айта кетейік, биыл11 сыныпты 140 оқушы тәмамдап отыр. Қорытынды атестаттау нәтижесі бойынша 13 түлек «Алтын белгіні» ақтап шықса, 5 оқушы «Үздік аттестат» иегері.

 

Е.ЕЛЕКЕНОВ