28.06.2018, 17:45
Қараулар: 6
«Рухани жаңғыру» жаңғырық болып қалмасын!

«Рухани жаңғыру» жаңғырық болып қалмасын!

«Тағы жаңғыратын болдық па?», «Күнде жаңғырамыз ғой!», «Рухани қаңғырып жүрміз».

Бұл – бүгінгі қоғам қолданысындағы жиі кездесетін тіркес. Біреулер қағытпа әзіл десе, басқалары үшін «саяси маңызы бар сөз». Ал бағдарламаның өзіндік мәні неде? «Рухани жаңғыруды» кім қалай түсінбек? Кертартпа ойдан арылмай, бағдарлама жемісін көру мүмкін бе?   


            Баспасөз бетіне шыққаннан-ақ көптің қолдауын тапқан Елбасы мақаласының жарық көргеніне бір жылдан аса уақыт. Сол аралықта жаңа бағдарламаны жақтаған да, даттаған да адам табылды. Оған қоса «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жаңа жобалар мен тың идеялар жүзеге асып, халық игілігіне ұсынылды.

Жаңа бағдарлама қолға алынғанда түрлі пікір қалыптасты. Біреулер рухани жаңғыру – салт-дәстүрлерді түгендеу десе, бір тараптан «бәсекелестік» делінді. Тіпті кейде газетімізге футболдан өткен жарысты «Рухани жаңғыру аясында» деп материал әкелгендер болған. Дәстүр бойынша өтетін мерекелік шаралар да қағаз жүзінде «Рухани жаңғыруға» айналды. Ол аздай, рухани жаңғыру аясында өткен сенбіліктерге не дейсіз?

«Көш жүре бара түзеледі»

Аллаға шүкір, бүгінгі таңда жіберілген қателіктер орны толтырылуда. Халық пікірі де, атқарылар жұмыстар да бір арнаға тоғысқандай. Конституциялық реформа мен технологиялық төңкерістің өзегі – санадағы сілкініс екенін қалың жұрт ұға түсуде. Елбасы айқындап берген 6 мақсат пен міндетті жүзеге асыруда да жұмыстар біртіңдеп атқарылуда. Дегенмен, осы жерден тізгінді босатып жіберуге болмас. Өйткені көпшілікке аталмыш бағдарламаның өзектілігі әлі де таңсық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аудандық штаб әкімгері М.Лұқпановтың айтуынша бағдарлама халық қолдауын қажет етеді.

  • Мақала жарық көргелі халық арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен өткізілуде. Ауданға қарасты әр ауылдар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрдық. Халықта «Рухани жаңғыру деген не? Ол бізге не береді?» деген сұрақ басым болды. Көпшілік біз айтқан нәрсеге күмәнмен қарап, өзімізді күлкі етіп отыратын. «Рухани жаңғыру» — бұл мен, сен және ол болып табыламыз. Бәріміз «бізді» құрау арқылы қоғамды қалыптастырамыз, мемлекеттің дамуын ілгерілетеміз. Бағыттың барар межесі бір, екі жылдықта байқалмаса да, таяу жылдары қоғамның арасында өз жемісін берері анық. Ол үшін тағы сіз бенен біздің аянбай еңбек етуімізге тура келеді.

Келесі сөзінде штаб маманы «алты бағытта қадап көрсеткен атаулар әлемнің дамуынан, олардың озық тәжірибесінен алынған» дегенді қосты.

— «Бәсекеге қабілеттілік» — даму көрсеткішімізді мейлінше жетілдіру болып табылса, «Білімнің салтанат құруы» — әр адамның отбасында, ошаққасында жүрсе де, білімнен тысқары қалмауы, шет тілдерін оқып-үйренуге, ұрпағымыздың озық технологияларымызды танып-білуіне жол ашу. «Қазақстанның эволоциялық дамуы» — өз ішіміздегі ауызбіршілік арқылы жұмыла көтерген жүгімізді жеңілдету, «Ауылдастың тайы озсын» деген қағиданы берік ұстану. «Ұлттық бірегейлікті сақтау» — төл мұрамыз бен салт-дәстүрімізді заманның ағымына сай дамыту, әлемдік өркениетте ерекшелену болса, «Сананың ашықтығы» — қоғамның дамуы мен өрістеуінде «Үкімет өзі жасайды» деген теріс пікірден арылу арқылы, озық ой мен терең білім арқылы пікір білдіру, өз ұсынысын жетілдіру болып табылады. «Прагматизм» — қазақтың шектен тыс ысырапшылдығы мен өмір сүру қағидасындағы бейқамдығын жою. Бұл бағыттар таяу жылдары емес бүтін дәуірімізге, келешегімізге айқындалған бағыт,- дейді.

Біз күткен нәтиже бір-екі жылда жемісін бермес, алайда ұлт болып сақталуымызға септігін берері рас.

 

 

Бағдарлама шеңберінде

Жалпы үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3858 тұрғынды қамтыған барлығы 47 іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Тәрбие және білім» кіші бағдарлама аясында ұлттық өнерді дәріптеуге шақырған «Өз балаңа домбыра сыйла» акциясы өтті. Бұнда 145 домбыра өз иесін тапса, оның жүзеге асуына ата-аналар мен ауыл меценаттарының ықпалы зор болды.

Ал «Рухани қазына» кіші бағдарламасымен өткізілген шаралар ұлттық құндылықты ұлықтауға мүмкіндік берді. Бұл орайда аудан көркемөнерпаздары «Ұлы дала сазы» концертімен көршілес Озинки ауданына табан тіресе, «Қансонар» қауымдастығының қолдауымен облыстық «Ит төресі – тазы» атты қазақы тазылардың көрмесі мен курсинг сайысы өткізілді. Халық қазынасын сақтау және ұлықтау арқылы жаңғырудың ел ертеңі үшін қандай маңызы барын осыдан-ақ көруге болар.

1006 тұрғынды қамтыған 11 іс-шара «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында қолға алынды. Жалпы көпшіліктің назарын ауылдық жерге бұрғызған шаралар осы ретте тоғысты. Бір ғана «Жерлестер форумының» өзі ауылдық жердің тіршілігін жандандыруға ат салысты. «Туған жерге тағзым» форумы ұйымдастырылған Қазақстан, Шежін, Мереке, Мерей және Қосшы ауылдарына түлектер арнайы табан тіреп, елге деген ілтипаттарын білдіргеннің куәсі болдық. Жерлестер форумында жалпы құны 3 млн 365 мың теңгеге мектеп түлектері мен ауыл азаматтары  Мереке ауылындағы демалыс алаңына орындықтарды тарту етті. Шежін ауылындағы  «Менің жүрегім SHEJINIM» экспозициясы мен Мерей ауылындағы көшеттердің отырғызылуы, спорттық құрал-жабдықтарда да аталмыш форум аясында дүниеге келді. Сондай-ақ Қосшы ауылындағы мектеп мұражайы мен акт залы күрделі жөндеуден өткізіліп, «Менің жүрегім Оян» экспозициясы мен  ұлттық домбырамызды, спорттық киімдерді сыйға тартты.

«Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында 2017 жылы жалпы құны 5 млн 314, 2 мың  теңге құрайтын  7 жоба іске асырылған. Биыл бұл көрсеткіш өсіп, жалпы құны 23 млн 700 мың теңге құрайтын 14 жоба жоспарда тұр.

Дегенмен, ел игілігіне ұсынылатын ол шаралардың қандай деңгейде өтетінін біз айтқан сөзден емес, оған жауапты мамандардың ісінен көретін боласыздар.

P/S: Қазақ қоғамы ескінің естісін, жаңаның жақсысын жанына байласа ғана жампоз болып шығарына күмән жоқ. Рухани жаңғыру – сананың сілкінісі десек, ойымызды өзгертуден бастағанымыз жөн болар. Өйткені біздің орта «Үкімет өзі бередіні» жанына желеу қылғаны рас. Берер үкімет берді, алған халық қайда? Жан тыныштығын ойламай бір мезетте өзімізге «Мен елім үшін не істедім?» деген сауалды қойсақ, сол ретте ойланып көрсек нұр үстіне нұр болар еді.

Мысалы, Достық ауылдық округінде Шамов  көшесіне мемориалдық ескерткіш орнатылды. «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жоба «Байжангир» ЖШС – нің қаржы директоры А.Сапаров және даму жөніндегі директоры М.Исмагулов демеушілігі арқылы жүзеге асты. Құрылысы үш бөліктен тұратын ескерткіш жобасының құны – 700 мың теңге. Тақтада Достық ауылынан соғысқа аттанып, ерлік көрсеткен 147 батырдың есімі жазылған.

Сол секілді Оян мектебінің ауласында бой көтерген балалар ойын алаңына ауылдың шаруа қожалықтары демеушілік көрсетті. 1 млн 500 мың теңгеге шыққан жоба бүгінде халық қызметіне берілген.

Келтірсек мысал жетеді және сондай дүние сіздің де қолыңыздан келері кәміл. Қаражатқа қарап тұрған да ештеңе жоқ. Ең бастысы «Еліме!» деген ниетіңіз болса…

            Әсемгүл БЕКЕШЕВА