13.07.2018, 10:57
Қараулар: 565
Бірлік бар жерде,тірлік бар

Бірлік бар жерде,тірлік бар

 

Аудандық газеттің 29 маусым күнгі 26 нөмірінде жарық көрген тілші Әсемгүл Бекешеваның «Рухани жаңғыру» жаңғырық болып қалмасын,- атты мақаласын оқып, терең ойға қалдым. Аталмыш бағдарламаның жарық көріп, іске асырылғанына да бір жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Бірақ бұл арнайы жоспар бойынша атқарылып жатқан дүниелер. Ал, жалпы ауыл тұрғыны ретінде біздің осы бағдарламаға қосқан үлесіміз қанша. Оны дұрыс түсіне білдік пе? Осы сұрақтар кез-келген тұрғынды мазалауы тиіс. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ауылдағы ақыл айтар аузы дуалы ақсақалдарымыздан бастап, ортаңғы буын қостап, болашақ жастарымыз осындай жарқын істерді неге қолдамасқа?

Шындығында дана халқымыз «Бірлік бар жерде, тірлік бар»деген мақалды бекер айтпаса керек. Әрине, ауылдың өсіп-өркендеуіне үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. «Жас келсе, іске «- демекші округ әкімі Ж.Ахметовтың басшылығымен, аудан әкімінің қолдауымен ауылдағы әр үйге су өткізілді. Табиғатымыз тамаша. Орталықпен қатынас бар. Ауылда мәдениет үйі мен кітапхана қызмет етеді. Мектеп директоры Қ.Ислам бастаған ұстаздар шәкірттерге білім мен патриоттық тәрбие беруде талмай еңбек етуде. 

Әсіресе Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өзіміздің ұлттық әдет-ғұрпымызды, кейінгі ұрпаққа насихаттап, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында «Өз балаңа домбыра сыйла!» акциясын ұйымдастырдық. Әр ата-ана өз балаларына киелі домбыраны сыйға тартып, мектеп жанынан домбыра үйірмесінің ашылуына мұрындық болды.

Десек те, бұл жұмыстардың барлығы жоспар бойынша атқарылып жатқан дүниелер. Олар уақыты келгенде істеледі. Бірақ аталмыш бағдарлама аясында бір кездері осы жерде өсіп- өніп, мектептен білім алған, осы ауылдың ауасын жұтып, суын ішкен мектеп түлектері өздерінің туған жеріне бет бұрса деген тілек. Мектепке, жалпы ауылға қолдан келген көмектерін көрсетіп, кейінгі ұрпақ айта жүретіндей берекелі іс тындырса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда аудан көлемінде бұл үрдіс біртіндеп жолға қойылып келеді. Сондықтан «көп түкірсе көл» демекші ауылға қажет нәрсені қолдан келсе, өз демеушілігімізбен неге бірігіп істемеске? Бұл ауылымыздың гүлденуіне қосқан бірден-бір үлесіміз екенін естен шығармайық. Ендігі уақытта үкімет маған не берді деп емес, мен туған жерімнің өркендеуіне құрттай болса да үлесімді қоса алдым ба?,- деген сұрақ бізді мазалау керек.
Әрине, ауыл азаматтары көмектеспейді дегеннен аулақпыз. Халқымызда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан шағын ауылымызға жеке кәсіпкерлер О. Нұрғалиев, С,Жолдау, Б.,Хайруллин сынды азаматтар үлкен көмек көрсетіп келеді. Әсіресе олар балаларымыздың алаңсыз білім алуы үшін қолдарынан келгенше мектебімізге материалдық көмек көрсетіп келеді. Бұл күні осындай жанашыр азаматтарымыздың, жасаған игі істерін айтпай кету мүмкін емес. Сондықтан «Бірлігі бар елдің, босағасы берік» демекші, өзімнің жерлестеріме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз туған жерімізге қолдан келгенше көмек қолымызды созып, оның гүлденуіне атсалысайық дегім келеді.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар