26.07.2018, 17:46
Қараулар: 146
Дегдар өнерпазды дәріптеп…

Дегдар өнерпазды дәріптеп…

Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер  орталығында айтыскер ақын Шәки Қайырғалиевтың шығармашылығына арналған «Шәкидің шыңы – шындық» тақырыбында еске алу кеші өтті.


Кітап көрмесін тамашалаудан бастау алған шараға талант иесімен үзеңгілес болған қаламгерлер арнайы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі А.Нәріков, өлкетанушы, журналист Т.Әліпқалиев, ақын С.Бисенғалиев пен Д.Мұштанова бар.

Айтыс өнеріндегі Шәки ақынның өзіне тән қасиеттері мен қатар жыр айдынындағы ерекшеліктері әңгімеленді. Домбырасымен көп алдына шығып ауыл тұрғындарының хал-жағдайын суреттеп, халық атынан сөйлейтін ақынның жүрегі де ел-жұртымен бірге соғатын десті. Айтыс майданында айтылмаған осындай жанашырлығы кейін ақын қаламынан туған отты жырларға айналып, кітап болып дүниеге келді.

Сондай-ақ кешке қатысқан Шежін ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Қадырғалиев пен ақын жұбайы Ағиба Қайырғалиева еріне тән мінез бен оның халыққа деген ниетін айтып берді. Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева кеш қонақтарына алғысын білдірді.

  • Тасқала жерінен шыққан тума таланттардың көшін Шәки ағамыз бастап тұрады десем қателеспейтін шығармын. Кеш барысында айтылған әңгіме ағамыздың тұлғалық болмысын айшықтап, нағыз ел туған ер екенін дәлелдеп берді. Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын. Өлең өнеріндегі ақын есімін дәріптеп, кейінгіге үлгі етіп көрсету мақсатында осындай шаралар жалғасын тапса деген ниет білдіремін,- деген Люция Әсетқызы ақын жұбайының иығына камзол жауып құрмет көрсетті.

Аталмыш шара айтыскер ақын Т.Мықидың «Шәкидей тұлға дара ғой, соңынан ерген баламын ғой…» деп басталған арнауымен тәмамдалды.

Айгерім КЕРЕЕВА