26.07.2018, 17:57
Қараулар: 186
Мал азығы аз, бағасы қымбат

Мал азығы аз, бағасы қымбат

     « — Шөп алдың ба? Бағасы қаншадан болып жатыр? Биыл тым қымбаттап кетіпті…» деген тұрғындар әңгімесін жиі естиміз. Себебі, қарапайым халықты шөпсіз қаламыз ба деген сұрақтың  мазалайтыны жасырын емес. Оның себебі бар. Көктемнің жаңбырлы, күннің суық болуына орай биыл шөптің шығымы шамалы. Яғни, жақын маңда шабылатын шөп жоқ десе де болады.


Ия, «қыстың қамын жаз ойла» дейді дана халқымыз. Жаздың  әр күнін жылға азық санайтын тұрғындар үшін қазір нағыз қарбалас шақ. Қолдағы  азын-аулақ малға  дер кезінде жем-шөпті дайындап алуды әдетке айналдырған олар  ауласына  шөп үйілмей тыным таппайды. Сондықтан,  шөп шабу науқаны басталысымен шаруа қожалықтарына хабарласып, оған  алдын-ала  тапсырыс беріп қоятын. Бірақ биылғы ауа-райының салқындығынан шаруалардың өздері де шөптің шығымы аз екенін алға тартып, алаңдаушылық білдіруде. Оның үстіне жанар жағармай бағасы да былтырғы жылға қарағанда едәуір көтерілген.

Қысқы мал азығын дайындау мәселесі де аудан әкімінің жіті бақылауында тұр. Әр лездеме сайын аудан басшысы Алдияр Халелов осы мәселеге қайта оралып,  шөп дайындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды назарда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда шабындықтың алыстығына қарамай, шама келсе мал азығын артығымен дайындап алуды ауыл әкімдеріне мұқият тапсырды. Себебі санаулы уақыттан соң қылышын сүйретіп келетін қаһарлы қыстан мал басын аман алып қалу үшін қазірден бастап қамдану қажетін тілге тиек етті. Шөп қымбат деген тұрғындарға да жағдайды түсіндіріп, шама келгенше ауызбіршілікте жұмыстану керегін айтты.

Ия, төрт түлікке қажетті қысқы азықты артығымен дайындау жыл сайын жүктелетін міндет. Еліміздегі ауылшаруашылық өн­дірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Сондықтан  мал азығын ерте  қамдау — ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті қор жасалмай мал шаруашылығын дамыта алмайтынымыз айдан анық..

Осыған орай аудандық ауылшаруашылық бөліміне жолығып, мал азығының қоры қалай дайындалып жатқанын білуді жөн көрдік.

Аталмыш бөлімнің бас маманы Х.Умаровтың айтуынша аудан бойынша 31 мың ірі қара, 74 мың ұсақ мал, 8 мың жылқы бар. Осылардың барлығына жоспар бойынша 78 мың тонна шөп дайындалу қажет болса, бүгінгі таңда оның 31,1 мың тоннасы, яғни 39 пайызы дайындалып үлгерген. Орташа түсім 3,1 центнер га.

— Әрине, қолдан келгенше мал азығын молырақ дайындауға күш саламыз. Себебі алдағы қыстың қалай болатынын ешкім білмейді. Сондықтан бәріне дайын болғанымыз абзал. Біздің аудан бойынша шөптен басқа  егін шаруашылығы қоса атқарылады. Қазіргі таңда күздік бидайды ору жұмыстары жүріп жатыр. Түсім жаман емес 8,0 центнерден беріп жатыр. Сондықтан одан он мың тоннадай сабан түседі деп жоспарлануда. Ол да болса мал азығына қосымша көмек. Бұдан басқа көктемде 2,43  мың га 15 шаруа қожалығы бір жылдық  судан шөбін ексе  1,48 мың га көпжылдық шөп егілді.  Жалпы  шөптің орташа түсімі 3,0 центнерден. Бұл былтырғы жылға қарағанда тым-тәуір аз, -дейді маман.

Осыдан соң округ әкімдеріне телефон шалып ауылдағы  жағдайды білдік. Мереке ауылында былтырғы жылы буылған шөптің әрқайсысы 1800 теңгеден сатылса, биыл ол екі мың теңгеге жеткен. Қазірдің өзінде мұнда  28 трактор шөп шабуға  кірісіп кеткен.

Ауыл әкімі Р.Бермұхановтың айтуынша биыл бұл мәселе кімге болса да үлкен салмақ салып тұр. Себебі былтырғы жылы 1200 руллон дайындалған жерден биыл шаруа қожалықтары 600 руллон өнім алған. Сонда есептей беріңіз. Ал, Шежін ауылының әкімі Талғат Асқарұлы «шабатын шөп жоқ»,- деп қынжылады. Егілген көп жылдық шөптің де шығымы көңіл көншітпейді екен.

-Ауылдан 40-50 шақырым жерден барып шабуға болады. Бірақ ол үлкен шығын. Қазір былтырғыдай емес, ауылға келіп шөп сатып жатқандардың қатары сирек. Шынына келгенде  қысқы мал азығын жеткілікті  дайындау  үлкен проблема болып отыр. Дегенмен қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, бұл тығырықтан шығу жолдарын қарастырудамыз. Себебі малмен ғана күн көріп отырған қарапайым халықтың қайткен күнде де  төрт түлігін аман  алып қалуымыз керек. Ол үшін тиісті жолдарды қарастырудамыз, -дейді ол өз сөзінде.

Ал ауданға жақын орналасқан Ақтау ауылында шөп бағасы едәуір өскен. Былтырғы жылы әр руллон 2000-2500 теңгеден, әр тіркемені 20000 мың теңгеден алып келген халық, биыл шөпті қымбатқа сатып алып жатыр, яғни әр руллонның бағасы 3000-3500 болса, әр тіркеме 30-35 мыңнан, — дейді ауыл әкімі.

Осыған қарап-ақ биыл біраз адам шөп тапшылығын сезінетінін көруге болады. Әрине, қолында қаражаты барлар қымбат болса да малды қыстан  алып шығу үшін шөпті сатып алар. Ал, аз қамтылған, жағдайы жоқтар қайтіп күн көрмек? Сол себепті  мал азығын дайындап алуға салғырт қарауға болмас. Оның үстіне, тілсіз жау — өрт пен шегірткеден сақтасын дейік. Қалай дегенде де, бұл — күн тәртібінде тұрған басты мәселе.  Сол себепті, тұрғындар да  қол қусырып, кім арзан бағаға сатады екен деп әркімге бір жалтақтамай, айналадағы техника жете алмайтын бақтардың іші мен  жол бойында орналасқан орман жолағының арасындағы шөптерді қол орақпен шауып алса, біраз нәрсені ұтатыны анық. Тек оған ниет керек. Атам қазақ кезінде қол орақпен-ақ шөп шауып, мал басын асырап келген. Бүгінде ондай іспен айналысып жатқан  еңбекқор жандарды көрмейсің. Барлығы да әзір нәрсені ала салғанды жаны қалайды. Ал даяр нәрсенің бағасы да жоғары болатынын ұмытпағанымыз абзал.

Сондықтан,  «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші жаз бойы көлеңкеде тек жатпай, шама келсе, тұрғындар қол орақпен болса да  мал азығын дайындай берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мұны естір құлақ болса,шіркін!

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ