30.07.2018, 17:19
Қараулар: 420
Сырым сапарынан

Сырым сапарынан

Аудандық ішкі саясат бөлімі бастамасымен белсенді жастар тобы Жымпиты аулындағы «Алаш» мұражайында болып қайтты.


Өткеннің белгісін сақтаған мұражай кешенінің іргесі 2004 жылы қаланған. Содан бері  қорына бес мыңға жуық жәдігер жинаған мұражай тарихтан сыр шертіп, зерттеушілер мен өзіне ат басын бұрған саяхатшыларды таңқалдырудан жалыққан емес.

Аудан тарихымен біте қайнасып жатқан орталық Сырым заманы мен тарихы, бес қару топтамасы, этнография, археология, табиғат және экология бөлімдері бойынша қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ мәдениет пен өнер бөлімінде жерлес ақын Қ.Мырзалиге арналған бұрыш бой көтерген. Ақынның өмірде тұтынған дүниелері мен жеке кітап қоры, жазу машинасы мен жұмыс үстелі қаз-қалпында сақталған. Ал қарсы беттегі бұрыш Президент оркестрінің негізін қалаушылардың бірі жымпитылық Ж.Жұмағалиевке арналған. Өнерпаздың шығармашылығын орналасқан бөлімде оның сахналық киімі мен ие болған марапаттарын көруге болады.

  • Мұражай кешенінде сақталған бұйымдар халықтың өткен күнінен сыр шертеді. Сырым бабамызға қатысты жәдігерлердің құны тіптен жоғары. Батырдың Ресей патшалығына қарсы бастаған көтерілісі, орыс патшаларына жазған хаттарының түпнұсқасын да кездестіресіз. Үстіне киген шапаны, қолданған қару-жарағын да байқауға болады. Мысалы этнография бөлімінде Сырым Датұлының тікелей ұрпақтарының қолынан шыққан кілем бар. Қызылорда облысында тұратын батыр ұрпағы 2010 жылы арнайы осы жерге табан тіреп, сыйлықтарын табыс еткен. Сондай-ақ «Бұлдырты-1» обасынан табылған көне сарматтардың қолданған дүниелерімен таныса аласыздар,- дейді аталмыш мұражай маманы А.Маратов.

Саяхатшылар көзсіз ерліктің белгісін ардагерлер мен Алаш залынан да көрді. Бұндағы жәдігерлер сол замандағы ахуалды білдіріп қана қоймай, қиын-қыстау уақытты көз алдына алып келеді. Жымпиты аулындағы Алаш қозғалысының 90 жылдық мерейтойына арналып ашылған «Алаш» саябағындағы ескерткіш те сол дүниелердің  қатарында десек қателеспейміз.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА