2.08.2018, 19:18
Қараулар: 402
Сананың төмендігінен тазалық «ақсап» тұр

Сананың төмендігінен тазалық «ақсап» тұр

«Ауданның әлеуметтік дамуына елеулі үлесін қосады» деген мәселелер әкімдік пен тұрғындар арасында талқыланды. Аудан басшысы А.Халеловтың халықпен кездесуінде тілге тиек болған шаруалар жақын уақытта шешіледі деп күтіледі.


Естеріңізге салсақ, газетіміздің өткен сандарында жаңадан тағайындалған аудан әкімінің ақсақалдар алқасымен кездесіп түйінін таппай жүрген мәселелер бойынша ақылдасқанын жазған едік. Содан кейін Бірлік ауылы тұрғындарымен өткізілген жиында да аталмыш проблемалар талқыланған болатын. Атап айтқанда, ауыз су және жер мәселесін қатар көтерген ауыл тұрғындары мәдени ошақтарын жаңартуды да қозғады. Ауыл ішін абаттандыру жұмысын жүргізіп, жарық шамдарын орнату ұсыныстарын да жеткізді.

Аудан орталығында өткен жиында көтерілген мәселелер жоғарыда келтірілгендерден әрі аспайды. Тек бұған балалар ойын алаңын салу жұмысы мен тазалық мәселесі қосылған. Тағы бір байқағанымыздай, сұрақ қоямын деген адамның айтары «өз көшесі» мен «өз үйінің алды» болды.

  • Жақында ауданымыздың мерейлі 85 жылдығын тойламақшымыз. Жер-жерден келетін кісілеріміз, арнайы шақырылатын қонақтарымыз да бар. Ол аз десеңіз шекарадан асқан адам ең алдымен бізге табан тірейді. Тасқаланы көргенде бүткіл Қазақстан туралы ойда қалуы мүмкін. Еліміздің айнасы болып отырған біздің жамау-жамау күйде болуға қақымыз жоқ. Ауданның әлеуметтік дамуына септігін тигізе отырып, айналамызды көркейтіп, мәдениетімізді көтеруіміз керек. Бұл орайда неңдей пікір білдіресіз, қандай ұсыныс айтасыз, соны тыңдап шешімді бірігіп шығарсақ,- деді өз сөзінде Алдияр Сансызбайұлы.

Сұрақ қоюшылардың  қатары – көп, сауал – бір

            Темір жол мен Деркөл өзенінің ортасында орналасқан Панфилов көшесінің тұрғындары ауыз су мен  жолға мұқтаж екендіктерін тілге тиек етті. Өйткені көктемде саз балшыққа айналатын қара  жол — көше тұрғындарының бас қайғысы. Ол аздай, бұл аумақта жарықшамдары мен  балалар ойнайтын алаң да жоқ. Әсіресе мектеп оқушылары мен зейнеткерлерге қиын. Бұл жөнінде  бірнеше рет құзырлы органдарға  арызданғанмен де мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр.

Осы сауалға жауап берген  аудан басшысы жол жөндеу жұмыстары бойынша 4 көшеге сметалық жоба жасалып облыстық басқармаға жеткізілгенін айтты. Ал ауыз су мәселесі бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Б.Губаев аталмыш көшеге  «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жететінін тілге тиек етті.

  • Панфилов пен Гоголь көшелері, сонымен қоса, Элеватор аумағындағы көшелерге су өткізуге  жоба әзір. Егер ол  қабылданса, ауданымыз 100 пайыз сумен қамтылатын болады,-деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар жиында Элеватор аумағында тұратын  ауыл тұрғыны С.Әжібаева балалардың ескі алаңда ойнайтынын,  Сапаров көшесіндегі  шөптен аяқ алып жүрудің өзі мүмкін еместігін қынжыла жеткізді.

  • Тазалық барлығымызға ортақ іс, сондықтан көше тұрғындары бірлесіп  өз аумақтарын тазаласа дейді,-ол.

№5 Мәметова  сайлау учаскесінің депутаты В.Фролов Алтынсарин мектебінің артындағы бұрынғы саябақты жөнге келтіріп, сол жерден балаларға арналған ойын алаңын салса, екі қоянды бір оқпен атар едік. Себебі бұл жер мектеп оқушыларының  да спортпен айналысуына  септігін тигізер еді деген ұсынысын білдірді.

Мұнан басқа жиында  ауыл жанындағы су бөгеттерін қалыпқа келтіру мен көктем кезінде тасқын судың алдын алу  бағытында қандай  жұмыстардың жасалатыны жөнінде мәселе көтеріліді.

Оған Алдияр сансызбайұлы былайша жауап берді.

  • Ауыл ішінде орналасқан балалар алаңын аралап, жағдаймен таныстым. Кейбіреулеріне тіпті құм да төселмеген. Бұның барлығы жұмыстың есеп үшін ғана жасалатынын көрсетеді. Ал жас ұрпаққа жағдай жасау, оларға алаңсыз балалық сыйлау мәселесі ешкімнің басына кіріп шықпаған. Кез-келген жұмысқа белгілі бір мөлшерде қаражат жұмсалады. Аз ба, көп пе деген әңгіме болмауы тиіс. Өйткені қандай қаржыға нендей жұмыс жасасаң да, ең басытысы, сапа болу керек. Ауданда қолға алынған кейбір жұмыстардың аяқсыз қалғанын көрдім. Сондықтан, ең алдымен халықтың сеніміне ие болатындай қызмет атқару керек. Алайда бүгін-ертең барлығын  дұрыстаймын деп өтірік уәдебермей-ақ қояйын. Себебі дәл қазір аудан қаражаты оған мүмкіндік бермейді,- деді өз жауабында Алдияр Сансызбайұлы.

Мұнан соң аудан әкімі жол және су мәселелерін мемлекет тарапынан берілетін бағдарламалар арқылы шешу  керектігін, әйтпесе мұның барлығын  аудан қаражаты көтермейтінін алға тартты.

«Жауабын халық берсе..»

            «2011-12 жылдары модернизация бойынша облыс көлемінде ескі үйлер жаңартылды. Бұзылатынын бұзып, жөндеуге келеді дегендері қайта ретке келтірді. Ал, Тасқалада бұл бағдарламаға дер кезінде мән берілмеген ау деймін.  Себебі аудан орталығындағы екі қабатты үйлердің бүгінгі кейпін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Кейбіреулері адам тұратын жағдайда емес. Осыдан келіп айналамызды реттеп, үйімізді жөндеп, айналасын  жинастырып отырудың қандай қиындығы бар деген сұрақ туындайды. Өз жағдайымызды жақсартып отыруымызға не кедергі? Ауылды абаттандыру, мәдениетімізді көтеру мәселесін қашан ретке келтіреміз? Бұл тек әкімдіктің жасайтын жұмысы ма әлде?»

            Шара барысында халыққа қойған аудан басшысының сауалы осындай мәтінде болды. Алдымен күмілжіп қалған тұрғындар бұл сауалға да түрлі себеп айтты. Жиналысқа қатысушылардың бір тобы алдымен тамақ бағасын арзандатып, халықтың жағдайын дұрыстау керек десті. Алайда тамақ пен жарық үшін төленетін төлем  үйдің айналасын  жинауға, оны таза ұстауға  қандай кедергі келтірмек? Сондай-ақ, көше бойына орнатылған қоқыс жәшіктерінің іші емес, сыртының толуына да ол қаражаттың қатысы қанша?

P/S: «Тазалық – имандылықтың жартысы» дейді Құран Кәрімде. Расымен де, үйіміздің айналасын жинап, ақтап-сылап отыруға жалқаулықтан басқа не кедергі болуы мүмкін? Қаражат жағы мүмкіндік берсе әрине жақсы. Ал жоқ дүние өздігінен пайда болады ма? Қоқысты жәшікке емес, оның сыртына төге салудың өзі тұрғындардың осы мәселеге деген көзқарастарының төмендігінен бе деген ой келеді. Себебі кез-келген жұмыстың нәтижелі болуы адамның санасына байланысты болмақ. Ендеше, қоғамымызды өзгерткіміз келсе, алдымен өзімізден бастағанымыз дұрыс болар.           

Әсемгүл БЕКЕШЕВА