2.08.2018, 19:36
Қараулар: 5
Жаңа нысандар бой көтермек

Жаңа нысандар бой көтермек

Сейсенбі күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында  аудан әкімі А.Халеловтың  қатысумен «Тасқала ауданының әлеуметтік-экономикалық  дамуы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық деңгейдегі ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Өз сөзін   алдымен ауданның кірісінен бастаған Алдияр Сансызбайұлы I жарты жылдық бойынша бюджеттің игерілуі 99,9 пайызға орындалғанын, ал  ауданның жалпы  бюджеті биыл 4 млрд 039,7 млн. теңгені құрайтынын тілге тиек етті. Одан әрі аудан басшысы мал шаруашлығы мен қатар тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, жолдардың жөнделуі мен тұрғын-үй, мәдениет, спорт,  денсаулық, білім салалары бойынша атқарылған істерге тоқталды.

-Негізінен ауданымыз аграрлық сала болғандықтан  мал шаруашлығы қатар  дамып келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда жағдай қалыпты, Тек   жылқының басында өсім байқалады. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда ол    6,3 пайызға өсіп отыр. Бұдан басқа аудандағы   асыл тұқымды ірі қара мал саны 2111 басқа жетті. Соның ішінде герефорд 781, қазақы ақ бас 1227, абердин-ангус 55 басқа жетсе, ақжайық етті-жүнді қой саны 3278, еділбай қойы 184, қазақтың қылшық жүнді қойы 28 бас, ал, асыл тұқымды көшім жылқысы 107 басты құрайды.

Ауданда  483 мүшесі бар 18 ауылшаруашлық өндірістік кооперативі құрылып, олар  тұқымды түрлендіру, мал бордақылау, аралас және сүт қабылдау бағытындағы  жұмыстарымен айналысады -деді Алдияр Сансызбайұлы өз сөзінде.

Ауданда күздік бидайды ору мен шөп шабу науқанының басталып кеткенін,   орташа өнім гектарына 9,0 центнерден  келетінін тілге тиек еткен аудан басшысы  шаруалардың жұмысына ауа-райының қолайсыздығы  қолбайлау болып тұрғанын жасырмады.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Орал–Тасқала–РФ шекарасына дейінгі республикалық маңызы бар тас жол құрылысының биылғы жылы аяқталатынын айтты. Тасқала ауылының ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бағытында 4 жоба жасақталып, сараптамадан өтуде.

Алдияр Сансызбайұлы өз сөзінде   биылғы жылы ауданның аумақты  дамыту бағдарламасына сәйкес Тасқала ауылында жалпы құны 150, 812 млн. теңге құрайтын бір қабатты әкімшілік ғимаратының құрылысы басталғанын айтты. Оны мердігер компания «Алатау-Альдан-Агро» ЖШС-і жүргізеді. Мұнымен қоса  биылғы жылы  Ақтау және Тасқала ауылдарындағы  су қорғау бөгеттерін қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ ауданда 320 көрерменге арналған жалпы құны – 706,463 млн. теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынаты, 280 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасының  дайын екені бьелгілі болды.

Жиын барысында журналистер аудан басшысына сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Назгүл ЖАРДЕМОВА