5.08.2018, 16:51
Қараулар: 396
«Туған жерге тағзым»

«Туған жерге тағзым»

Дәл осындай атаумен Амангелді аулында жерлестер форумы ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында өткен шара ауылдың бұрынғы және қазіргі тұрғындарының басын қосу мақсатын көздеді.


Шараның салтанатты ашылуынан соң «Өшпес ерлікке тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған амангелділіктер мектепте өткен дөңгелек үстелге қатысты. Алдымен, ауылдың кешегісі мен бүгінінен сыр шерткен бейнебаянға назар салды. Мұнан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева жиналғандарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

  • Аталмыш форум аудан көлемінде жүзеге асып келеді. Қазіргі кезде тек Достық пен Ақтау ауылдарында ғана өткен жоқ. Жерлестердің басын қосқан шараға алыстан ат терлетіп келгендеріңізге алғысым шексіз. Алдағы уақытта ауылдың іргесі мықты болуы үшін бірігіп қызмет жасап, атамекеніміздің абыройын асқақтата берейік,-деді.

Жағалай сөз алған ауыл тұрғындары да өзіндік жылы ықыластарын білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Кезінде Амангелді аулының қандай болғанын айтып, қазіргі әлеуметтік жағайына да тоқталды.

Ауылдастар басқосуына Астанадан арнайы келген К.Шуренова өзі қызмет еткен мектептің жай-күйін айтып өтті.

  • Талай жыл ауыл мектебінде сабақ бердім. Шәкірт тәрбиелеп, оқыттық. Мұғалімдер – уақытпен санаспайтын халық. Сол еңбегіміздің жемісі болар, бүгінде өзіміз өсірген ұл-қыз еліміздің түкпір-түкпірінде сабақ беруде. Сондай азамат пен азаматшаларымызға қарап, аулымыздың киелі мекен екенін түсінуіміз керек. Амангелдік екенімізді мақтан тұтуымыз қажет,-деді. Сондай-ақ өз атынан меткеп директорына оқушыларға деп төленген бір топ журналдың түбіртегін табыс етті. Бұдан өзге мектеп түлектері атынан 10 домбыра сыйға берілді.

Дөңгелек үстелден соң жиналғандар ауыл балаларына арналып салынған спорт және  хоккей алаңы, «Street workout» және балалар ойын алаңының ашылу салтанатына қатысты. Аталмыш ойын алаңдары, ауыл әкімдігінің мәліметінше, 9 млн.646 мың теңгеге шыққан.

Шараға қатысушылар заманауи үлгіде жасалған дүниелердің балалар үшін қажет екенін тілге тиек етті. Аталмыш жиын ауыл өнерпаздары ұсынған концертпен жалғасты.

Әсем Серікқали