9.08.2018, 21:09
Қараулар: 636
«Нәтижелі жұмыс болады, егер…»

«Нәтижелі жұмыс болады, егер…»

Жұмыс сапарымен ауданымызға табан тіреген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын аралап, бағасын берді.


      «Қазақстан ауылдық округінің Атамекен, Алмалы және Қалмақшабын ауылдарының су құбырларын қайта құру» нысаны биыл қолға алынған. Аталмыш құрылыс жұмысына «Газстрой» ЖШС жауапты. «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы іске асқан нысанның жалпы құны 282 402 142,4 теңге құрайды. Аталмыш жұмыспен жіті танысқан Бағдат Оразалдыұлы өткен қателіктерді қайталамай, қыс мезгілінде туындайтын қиындықтардың  алдын алуды тапсырды.

Мұнан соң «Амангелді ауылының су құбырын реконструкциялау» нысанында болды. Өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған нысанға биыл өзгерістер жасалған. Жалпы құны 291 млн 200 мың теңгені құрайтын жұмыстың бас мердігері — «Құрылысгаз» ЖШС.  Жақында ғана бар жұмысты тапсырған мердігерлер қызметіне оң баға берілді. Тек бұл нысанның орналасқан жері төмен делінді.

  • Мемлекеттік жобалардың жүзеге асуы қатаң бақылауда болуы шарт. Жауапкершілігіне алған жұмысты мердігердің уақытында әрі сапалы жасағаны жақсы. Бір байқағаным, өңірімізде су айдайтын мұнаралар салынғанмен көпке шыдамайды. Бұның өзі жұмыстың «қалай болса солай» жасалғандығында. «Амангелді ауылының су құбыры» нысаны төмен жерде орналасқан. Осы арадан көп алыс емес биік жер бар, сол жерге салғанда судың да қуаты жақсырақ болар еді. Дегенмен, жоба құрар кезде қателік кеткенін байқап тұрмыз. Ал мердігерлер жұмысы көңіл қуантарлықтай, — деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Б.Азбаев.

«Тасқала ауылында бір қабатты әкімшілік ғимараттың құрылысы» нысанына үстіміздегі жылға деп бөлінген 30 млн. 165 мың теңге қаражат бүгінде толықтай игерілген.  «Алатау – Альдан – Агро» ЖШС-нің қарамағындағы жұмыс сырт қарағанға қарқынды көрінеді-ақ. Алайда жоспарланған уақытынан кешігіп жатқан құрылыс жұмысына баға беру қиын.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен биыл екі нысанның құрылысы басталғанын қуана жариялаған болатынбыз. Соның бірі – аудан орталығында бой көтеріп келе жатқан үш қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үй. Инженерлік инфрақұрылымдары қатар салынатын нысанға 2018 жылға деп бөлінген 107 090 000 теңге маусым аяғында толықтай игерілген. Қазіргі таңда бас мердігер «Альтаир» ЖШС қаражат болса жұмысты бітіріп беретінін айтады.

Бұдан өзге « Тасқала ауылының солтүстік жағында бір қабатты, бір пәтерлі, үш бөлмелі арендалық-коммуналдық 7 тұрғын үй құрылысы» нысанының жұмысы тексерілді. «КДР» ЖШС-нің жауабындағы құрылыс жұмысы қарқынды болғанмен, қыркүйек айында тапсырылады деген жоспар жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Облыс әкімінің орынбасары аудан көлемінде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесін көргенін тілге тиек етті. Қызмет барысында кеткен қателіктерді түзеп, уақытында қолға алса нәтижелі жұмыс шығатынын айтты.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА