10.08.2018, 16:26
Қараулар: 428
Желмен жарысқан жерлес

Желмен жарысқан жерлес

Редакциямызға арнайы келіп, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға баулу бағытында өз ұсынысын айтқан ағамыздың ойын құп көргенбіз. Сол сапарында  «Көп болып қолға алсақ өнбейтін жұмыс жоқ» деген ағамыз  спорттық шараларды көбірек ұйымдастыру қажетін алға тартқан болатын. «Спорт күні» мерекесіне орай марафоншы кейіпкеріміз туралы мақаламызды Сіз де оқи отырыңыз!


Бұл — марафон деп атауға келмесе де ауыл азаматтарының басын қосып, салауатты өмір салтына деген көзқарасты қалыптастырған шара. Елорданың мерейтойына арналған спорттық жиынды өзінің туған жерінде өткізу туралы  жерлесіміз  Гариф Сатиев ұсыныс тастаған болатын.

  • Астанамыздың туған күніне орай өзім туып өскен Оян аулында спорт сүйер жастардың басын қосқым келді. Ұсынысымды аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Намыс» ЖҚБ қолдай кетті. Қатысушы қатары аз болса да, ауылдастарымның белсенділік танытқанына ризамын,- дейді кейіпкеріміз.

«Адам жүгіру жаттығуларын кез-келген жасында бастай алады» дегенді өмірлік ұраны санаған ол спортпен ұзақ уақыт айналысып келеді. Басында еркін күреспен шұғылданса, кейіннен жүгіруді қолға алған. Бүгінде күллі республикаға танымал марафоншыны тасқалалық жастар үлгі тұтса, аға буын мақтаныш көреді.

Алматы облысы бойынша өтетін желаяқтардың әр сайысында ағамыз биіктерден көрініп келеді. Алайда алғаш рет марафонға қатысқалы жатқанда өзіне күмәнмен қарап, сенімсіздік танытқандар да болғанын айтады.

  • Марафонға шақыру туралы афишаны көріп, ұйымдастырушылармен жолықтым. Жарыстың қашан, қалай өтетінін сұрап, қызығушылығым барын байқаттым. Дегенмен, олар қатысушылардың көбісі белгілі спортшылар екенін ескертіп, ойлануымды қалады. Өзімнің спортқа жаңадан келмегенімді айтып, марафонға қатыстым. Алматыдағы ең алғашқы бәйгемде үшінші орыннан көріндім. Содан бері марафоншылар жарысына қатысып келемін.

Тағы бір сөзінде кейіпкеріміз жүгірудің түрлі аурудың алдын алуға көмектесетінін тілге тиек етті. Өзінің шылым шегуді доғаруына да аталмыш спорт түрінің жәрдемі болған.

Жүгірумен айналысуды жаны сүйетіні соншалық, Гариф мырзаға ауа райының қолайсыздығы да кедергі емес. Таңертең немесе кешкі уақытта 20 минуттай жүгіріп қайтса көңіл күйі көтеріледі екен.

  • Спортпен айналысып өзімнің денсаулығымды қалыпқа келтіремін. Сондай-ақ үйдегі ұлдарыма да үлгі боламын деп ойлаймын. Меннен көріп аталмыш спортпен айналысуды балаларым әдетке айналдырған. Есесіне олар да физикалық тұрғыдан жақсарып, салауатты өмірді ұстанады,- дейді.

Бүгінде өзі тұрып жатқан Алматы қаласы бойынша 45-60 жас аралығындағы марафоншылар сайысынан жерлесіміз жүлдесіз қайтпаған. Алпысты алқымдаса да бойында отыз жасар жігіттің оты бар ағамызға біз де «Сәттілік!» дедік.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА