10.08.2018, 16:47
Қараулар: 152
Жастарға жағдай бар, бірақ…

Жастарға жағдай бар, бірақ…

Халық көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай-ақ, «Жастар- ел ертеңі, болашағы». Осыған орай жастар саясатын қолдау мен оларға жағдай жасау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Ал көптің қолдауын тапқан сол бағдарламалардың атамекенімізде іске асуы қалай? Өскелең ұрпақ ертеңгі күнге сеніммен қарай алады ма? Аталмыш тақырыпқа орай, аудан жастары арасында сауалнама жүргіздік. «Бәрі жақсы», «Тамаша» деген жаттанды пікірден бөлек, жастарды ойландырған мәселеге бірге құлақ түрейік!


  1. «Еліме берерім не?». Ертеңгі тұлға мен халық арасында байланыс бар ма?
  2. Бүгінгі таңда жастарды мазалаған өзекті мәселе қандай?
  3. Кәсіпкерлікпен айналысуға қалай қарайсыз? Жастар арасындағы жұмыссыздыққа не себеп болу мүмкін?

Гүлдерайым Вахитова, жас маман:

  1. Қазір жастар белсенді, зерек. Білім алып заманына сай болуға да мүмкіндіктер берілуде, тек соны дұрыс қолдана алса. Жалпы ел үшін қандай қызмет атқаратыны жайлы жиі ойлану керек. Себебі қазір көпшілік «Мемлекет бермейді» дегенді жанына желеу қылған. Керісінше, оқуын бітіріп қызметіне тұрған, нәпақасын адал еңбегімен тауып жүрген аға буыннан үлгі алу керек. «Аулына қарап азаматын таңы» дейді халқымыз. Дүние қуып кетпей, елге бір үлес қосуға тиіспіз.
  2. Жас маман ретінде өзімді мазалайтыны бұл – тұрғын үй мәселесі. Жұмыс жасау үшін пәтер жалдап жүрген отбасылы жандарға тіпті қиын. Өз үйінде тұрайын десе, жұмыссыз қалады. Қызметке ауысып келсе, тапқанының жартысын пәтерге төлейді. Бұл жөнінде мемлекеттік бағдарламалар жүріп жатқанын білемін. Алайда оған екінің бірі іліге бермейтіні тағы бар. Сондықтан жастардың қызметке деген қызығушылығын арттыру үшін жатақхана секілді шағын дүниелер салынса игі еді.
  3. Қазір айналада кәсіпкер көп. Көпшілігі ешкімге бағынғысы келмей осы саламен айналысады екен. Керісінше, өз идеясын жүзеге асыру үшін де жұмыстанатындар бар. Мен өзімді ол салада елестете алмаймын, біртүрлі қорқатын секілдімін. Сол секілді, жастар арасындағы жұмыссыздыққа да бойларындағы қорқыныш, өздеріне деген сенімсіздік әсер етеді деген ойдамын. Сондықтан жас маман даярлау кезінде олардың жеке тұлғалық қасиеттерін қоса қалыптастыру керек-ау. Бұған қоса, жұмысқа тұруға келген жастан «Еңбек өтілің бар ма?» деп сұрайды. Оқуын жаңадан бітірген кісіде еңбек кітапшасы да болмайды ғой. Күлкілі, алайда проблемалық мәселе.

Диана Салахиятова, студент:

  1. Қандай мамандық иесі болсаң да, ең алдымен, елге қызмет ету керек деп есептеймін. Біздің қоғамда көпшіліктің өз қызметіне көңілі толмайды. Мұғалім, дәрігер, сақшы – барлығы сол кәсіпті оқып бітірген. Кейін жұмысқа тұрған. Алайда өз жұмыстарын ұнатпай жүреді. Басқа қырынан қарасақ, қай-қайсысы да ел үшін атқарылып жатырған жұмыстар. Қарапайым немесе танымал болсаң да елге мойын бұрып тұру артық етпейді. Керісінше халықпен бірге мұңын мұңдап, жоғын жоқтасуға не жетсін!
  2. Мен жаңадан студент атанып, арманыма алғашқы қадамдарымды жасап жатырмын. Әлі күнге белгілі бір мәселелермен бетпе-бет келген емеспін. Бірақ аға буын өкілдерінен «оқу бітірген соң жұмыс жоқ, жалақы жетпейді, үйім жоқ» деген әңгімелерді жиі естимін. Мүмкін бұл әркімге әртүрлі кездесетін мәселе болар. Әзірге мені алаңдататыны өзім шамалас жастардың ана тілінде сөйлемеуі. Ауызекі араласқан күннің өзінде де орысша сөйлесіп жүреді. Мен де үштілділік саясатын қолдаймын. Алайда өз ана тілімізге деген салқын көзқарасты өзгерткім келеді.
  3. Жалпы жұмыссыздық мәселесі көп талқылануда. Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық тақырыбы күрделі. Оқуын бітіріп келсе де орын болмай біраз уақыт күтуіне тура келеді. Оның үстіне, таныс-тамыр деген бар. Осы себепті көпшілік отбасыларын тастап вахталық жұмыстарға ауысады. Сонда ол не үшін оқыды? Әрине екі қолға бір күрек табылады, бәлкім, жастардың да қатесі болар. Дегенмен, алғашқы көмек көрсетіліп, қолдау білдіру керек секілді.

Диана Мыңжасарова, мектеп оқушысы:

  1. Атамекеніне пайдасын тигізетін көп ақша тауып, танымал болған ғана адам емес. Сенің қалтаң қалың болмаса да, еліме деген ниетін болуы шарт. Мектепте тегін білім алып, жоғары оқуы орнында оқып шықсаң, қара басынды ғана ойламауың керек. Өйткені елден алғанды оған қайтаруың керек қой!
  2. Бүгінде жастар арасында жұмыссыздық немес тұрғын үй деген сұрақтар туындап жүр. Олар үшін үлкен мәселе де осы да жатыр. Себебі, оқуың оқыса да жұмысқа тұрып кету қиын. Одан қала берсе, пәтер жалдау, кішкентай жалақыны жеткізе алмау мәселелері тұрады.
  3. Болашақта кәсіпкерлікпен айналысуға қарсы емеспін. Мемлекет тарапынан да жағдайлар жасалып жатқанын естіп жүрмін. Бұл салада білімім болмаса да, қызығушылығым бар. Ауданымыз шағын болғанмен дүкен немес сұлулық салоны секілді шағын шаруашылығыңды айналдыруға мүмкіндік бар деп санаймын.

Өткен жылы жұмыспен қамту бөліміне 701 адам жолықса, соның 204-і жастар санатынан. Ал үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 813 адамға жеткен. Мұның ішінде 257 жас болса, жұмысқа орналастыруға 34 адам жоспарланған. Нәтижесінде есепті мерзімге 143 жас жолданып, тұрақты жұмысқа 58 адам орналасқан. 

Аудан көлемінде сауалнамаға жауап бергендердің көпшілігі жастар арасындағы өзекті мәселе жұмыссыздық пен тұрғын үй дегенге ойысты. Бұл тек біздің ауданда солай да, басқаларында ше? Жауап алу мақсатында әлеуметтік желіде сұрағымызды жарияладық. Есесіне өңір бойынша да аталмыш мәселенің күн тәртібінде тұрғанын көрдік.

Айша Асқар, Бөкей Орда ауданы:

            Бұл тақырып көптен айтылып келеді. Алайда көтерілген сауалдар шешімін тапты деп айта алмаймын. Бүгінгі жастардың негізгі проблемасы – жұмыссыздық, оқу ақысының қымбаттығы. Сөз жоқ, ата-ана барын беріп баласын оқытады. Біздің қоғамда мектеп бітірген түлектердің 90% жоғары білімді. Жұмыс жасаймын, жетістіктерге жетемін деген ынтамен келген жасты кеудеден итереміз, орын босауын күттіріп қоямыз. Ақырында бар тілегін жоққа шығарып, арманынан адастырамыз. Тағы бір мәселе, бұл – жұмысқа орналасуға барған жаннан еңбек өтілін сұрайды. Өз басымда сондай жағдай болған. Сонда ол оқу қоиды ма, әлде жұмыс жасайды ма? Баласын тек жақсы жұмысқа тұрғызғысы келетін де ата-аналарды көріп жүрміз. Сондықтан қателік өзімізден де бар. Бәрі бастық болса, қарапайым жұмысты кім жасамақ деген де сұрақ туындайды бұл жерде. Жалпы айта берсең көтеретін мәселе көп. Сондықтан екі жақты пікірді тыңдау керек.

Диана Өмірсерікқызы, Жаңақала ауданы:

            Жұмыссыздық – негізгі мәселе.Дипломы болсын-болмасын айнала жұмыс іздеп жүргендер. Оның өзі мекемелерге кіші қызметкер немесе қара жұмыс болса бармайды. Сонда не үшін оқыды? ата-анасының бар жиған-тергенін сол дипломға берді ғой. Енді уақыты келіп әке-шеше жақсылығын қайтарайын дегенде «бос орын жоқ» дейді. аға буынның осындай дау алаңында жүргенін көргенде болашақта қай мамандықты таңдап, қандай оқу оқитыныңды білмей дал боламыз.

Әсел Зайтукова, Тасқала ауданы:

«Жастардың қолынан келетіні көп» дегенге сенемін. Білімді, өнерлі, зейінді жастар бар. Алайда алға мақсат қойып, соған жетуге көпшілігі табандылық танытпай жатады.  Ал негізгі мәселе жастарымыздың еліктеуіштігінде дер едім. Өзінің бітім-болмысын жоғалтып алып, өзгені қайталау арқылы өмір сүреді. Содан жалқаулыққа, немқұрайлыққа бойларын үйретіп алады. Ұлттық рухта берілетін тәрбиенің жоқтығының да әсері бар деген ойдамын.

P/S: «Үкімет бермейді. Жағдай жасалмаған. Жұмыс жоқ». Қайда барсаң да естірің осы әңгіме. Алайда естігеннен бөлек, ескеретініміз де бар. Қазір көпшілік «Балам бастық болса, таза киініп, қомақты табыс алса» дейді. Осылайша заңгер, экономист секілді сұраныста жоқ мамандыққа оқытады. Тіпті оқу ақысы қымбат болса да қарызданып-қаумаланып, барын соған береді. Түсінеміз. Жылы орын, таза жерді кім армандамасын?

Бүгінде ауылшаруашылық саласындағы мамандықтарға сұраныс жоғары. Кең профилді механизатор маманын жұмыстың өзі «іздеп, тауып алар еді». Оның үстіне, кезіндегі әкелеріміздей шыжыған күн астында жылып кеткен суды ішіп,  қарамаймен араласып жүрмейді. Себебі заманауи техникаларда бар жағдай қарастырылған. Кондиционерді қосып, жайлы әуен әуелетіп қойсаң да өз еркің. Тек жұмыс жасасаң болды. Бірақ оған барар жастарымыз қайда, «Жұрттың баласы» бастық болып жатқанда.

Қызмет дегенде де әркімнің өз қабілеті мен қызығушылығы болмайтын ба еді? Оны ескерген кім бар? «Пәленшенің баласы пәлендей кәсіпті игергенде менің балам кімнен кем?». Иә, кем емес, алайда артық та емес. Орынсыз бәсекелестіктің нәтижесі өзіңізге кері әсерін тигізгеннен басқа не істепті? «Таныс-тамыр бар» дейді. Әрине, жоқ емес. Қызметке орналасуға танысын алға тартатындар арамызда өріп жүр. Сонда менің танысым жоқ деп қарап отыруымыз керек пе? Қарапайым қызметтен бастап, әрі қарай кәсіби өссек бізге не кедергі болуы мүмкін. Әдемі өмірді армандап, «Ал Құдай, аузыма сал Құдай» ұрпақты көбейтіп алып жатқан жоқпыз ба?!

Әсемгүл БЕКЕШЕВА