10.08.2018, 17:35
Қараулар: 3
Қоқыстан қашан құтыламыз?

Қоқыстан қашан құтыламыз?

Өткен аптада аудан әкімі А.Халелов тұрғындармен кездесіп, ауданның тазалығы жөнінде мәселе көтерді. Бұл туралы аудандық газеттің тілшісі Ә.Бекешеваның «Сананың төмендігінен тазалық «ақсап» тұр» атты мақаласы жарық көрді. Бірақ оған бас  қатырып жатқан ешкім жоқ.


Барлығын әкімдікке ысырып салып, өз былықтарына өздері былғанып отырған ауыл тұрғындарының бұл ісіне не айтуға болады? Бұл қиындықты қалай жеңеміз? Бізді мазалайтыны осы сұрақ. Сондықтан әр тұрғын бұған түсіністікпен қарап,  жауапкершілікті сезінсе екен. Сонда ғана  ауылдың ажарын аша алатынымыз айдан анық. Әй, қайдам. Әр бейсенбі сайын аудан орталығындағы мекеме қызметкерлерінен жасақталған топ ауылдың өздеріне бөлінген әр аумағында «таза бейсенбі» акциясын жүргізіп, тазалыққа атсалысып келеді. Ал, тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан қозғалыс байқалмайды. Бірнеше рет ескертілсе де өз үйлері немесе дүкендердің сыртқы бетін ретке келтіруге мүлде асығар емес. Шатыры ескіріп, сылауы кеткен үйлер ауданның ажарын кетіріп тұрғанын елегілері де келмейді. Бір кездері тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында

үкімет тарапынан жаппай қолға алынған модернизация бағдарламасы да не себептен екені белгісіз ауданда басталмай жатып аяқсыз қалды. Ия, бұл бөлек әңгіме. Оған біз қайтып оралатын боламыз. Ал тазалық мәселесіне келсек әлі күнге ауласының сыртында үйілген күбірлерін шығармағандар жетіп артылады. Мұндай жағдай кейбір кәсіпкерлер тарапынан да кездеседі. Олар нысан айналасын тазаламақ түгілі дүкендер мен дәмханалардан шыққан қорап, шөлмек сияқты қалдықтарды ауыл шетіне, қалаға баратын жол бойына тастап кетуді әдетке айналдырған. Қоқыс салатын арнайы контейнерлері де жоқ. Олардың бұл әрекеттерін туған ауылға деген құрметтің жоқтығымен түсіндірсек, артық айтқандық болмас. Егер әр тұрғын өзі мекен еткен ауылына көңіл бөліп, оның табиғатын аялап, тазалығына мән берсе, біздің аудан әлдеқашан жайнап тұрған болар еді. Амал не? Әзірге мұндай патриоттар аз болып тұр. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ санасыздарға саналы түрде айтып жеткізудің өзі мұңға айналды.

Аптаның алғашқы күні ауылдың осы қалай деген жерлерін аралап, кейбір тұрғындармен өз басым арнайы тілдесіп қайттым.  «Айналаңызды ретке келтіріп, белуардан келетін шөптерді шауып, басқаларға үлгі болсаңыздар» деген сөзіме  миығынан күліп, «әуелі өзіңді дұрыстап ал» немесе «акимат не бітіреді?» дегендер де болды. Осыны естігеннен кейін тұрғындардың санасы неге сонша таяз деген ой мазалады. Ал, керісінше  «айтуыңыз орынды, әрине тазалаймыз» деген жандарды көргенде кеудеңді қуаныш кернеп, ауылдың іші тап қазір жалтырап шыға келетіндей болып көрінді.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, бізде жаза–жаза жауыр болған бұл мәселеге бүгін тағы оралдық. Өйтпеске амал жоқ. Өздеріңізге белгілі  ауданның солтүстік бөлігіндегі осы кезге дейін жыр болып келген қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайы туралы да сын  мақала басылған болатын. Себебі санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін бұл жердегі қоқыстан жел болса ұшып, айналаны бүлдіретін қоқыс қалдығы ауылдың ішіне кіруге шақ қалған болатын. Оның осындай қалге жетуіне  бөтен ешкім емес, өзіміз кінәлі. Айналып келгенде бей-берекет төгіліп, жел тұрса оңды-солды шашылған қоқыс қалдықтары ауданның сәнін кетірді. Осыдан кейін жаңадан келген аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы құзырлы органдарға тапсырма беріп, бір ай уақыт көлемінде бюджеттен қаражат бөліп, аталмыш жерді тазалатқан болатын.

3 млн. теңгеге үлкен аумақтағы шашылған қоқыс қалдықтарын, көміп, бетін топырақпен тегістеп, қасынан жаңадан орын дайындап берген «Астрадор» ЖШС жұмысы жайлы суретімен қоса мақала да берілді. Алайда араға аз ғана уақыт салып ол жер қайтадан  тау-тау болып үйілген қоқысқа толғанын көргенде жағамызды ұстадық. Қазақта «құйма құлаққа айтсаң, құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді» деген сөз бар.

Айналайын, жерлестер! Сонда  бәлен жылдан бері жиналмаған қоқысты тазалауға кеткен үш миллион қаражаттың бостан-босқа желге ұшқаны ма? Бұған кінәлі кім? Айналасын  тазалап,  арнай жол салып берген әкім бе, әлде сол орынға жеткізбей ысыра салған халық па?

Аудан  болып сенбілік ұйымдастырылып, тазалыққа мән беріліп жатқанда осындай келеңсіз көріністердің орын алатыны көңілге кірбің ұялатады. Шындығын айта кету керек, ауыл жұртшылығын тазалыққа үйрету оңай болмай отыр. Таңертең үйінен шыға бере қоқыс толы пакетті көшеге тастай салып, қағаз лақтыра салу тиылар емес.

Ауылына қарап азаматын таны деген. Сондықтан көкірегі ояу, көзі ашық адамдар көктемнің алғашқы күнінен бастап үйінің айналасын, өзі тұрып жатқан көше бойын тазалап, елді-мекеннің санитарлық тазалығына әрқашан бас-көз болғандары абзал. Ауыл тазалығы баршаға ортақ, сондықтан әр тұрғын осыны қаперіне алып, айналасын таза ұстаса, ауыл ажарына көрік қосылып, жайнай түсетіні анық.

-Дамыған елдердің қай-қайсысын алсаңыз да алдымен тазалығына таңдай қағасыз. Ауыл халқын да осы мәдениетке үйреткен дұрыс. Егер халықтан қолдау табылып жатса, аз ғана уақытта ауданды жайнатып шығуға болады. Біз Ресеймен шекаралас болғандықтан ауданның үстімен неше түрлі адамдар өтеді. Алдымен елге келген қонақтар  Тасқаланың тамаша табиғаты мен тазалығына қарап таңдай қағулары керек. Сондықтан тазалық мәселесін дұрыс жолға қоюымыз қажет. Бұл  жұмысты бір жүйеге салғанымыз жөн. Ол үшін ауылдық округ әкімінен бастап барлық мекеме басшылары жұмыстаныңыздар. Халыққа дұрыс жеткізіңдер, — деді аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы апталық лездемеде.

Ия, осы кезге дейін қоқысты шығарып келген «Тасқала-Даму» ЖШС-мен тұрғындар арасында біраз кикілжің орнап, айналып келгенде, серіктестік жекелермен жұмыс істеуден ат-тондарын ала қашты. Сондағы сылтау адам басына төленетін 190 теңге қаражат уақтылы «төленбейді-төледік». Қазіргі таңда аталмыш мекеме өз жұмысын тоқтатты. Ендігі  тазалық мәселесін кәсіпкер Н.Мусенов қолға алмақ. Бұл жөнінде дүйсенбі күні Жақсығұлов шағынауданының тұрғындарымен кездесу өтіп, екі жақты келісімшарт жасалатын болды. Тұрғындардың талабы «қоқыс салатын арнайы  жәшіктерге қақпақ орнатылып, айналасы темір тормен қоршалса. Әйтпесе, контейнерлерге салынған қоқыстарды иттер шашып тастауы да ғажап емес»-дейді олар.

Тазалық мәселесін жақсы түсінеміз. Ол өзіміз үшін қажет. Бірақ адамдардың бәрі бірдей емес. Үйіміздің айналасын тазалап, шөптерін шауып қойғанымен таңертең тұрсақ,, көше жақта ішімдіктен босаған шөлмектер мен темекі қалдықтары жайрап жатады. Біз шетте тұрғандықтан үйдің іргесіне лақтыра салады. Оны ешкім даладан келіп істеп жатқан жоқ. Түнде өздерінше шет жақ деп оңаша жерге келіп сыра ішетіндердің ісі. Ішкеннен кейін бос шөлмекті қоқыс жәшігіне апаруға ерінгендіктен осылай лақтыра салады. Ал, ол ауыл тазалығына кері әсерін тигізеді, — дейді аталмыш мекеннің тұрғыны Б.Жәнекенов.

Ия, сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар деген. Енді ауыл тұрғындары ұйқыларынан оянып, күн тәртібінде тұрған тазалық мәселесіне, бір сәт көңіл бөлсе екен. Таза, әдемі үйлерге қарап бой түзесе деген ниеттен басқа ештеңе жоқ. Өз ауламызды таза ұстай отырып,  балаларымыз да бізге қарап өсетінін ұмытпайық.

Р.S Ауданымыздағы әр сайлау учаскесі бойынша сайланған депутат мырзалардың да құлағына алтын сырға. Әр депутат өз елінің аумағына шығып, халықпен кездесіп, түсінік жұмыстарына атсалысса деген ұсыныс. Алдағы жұмыс күндерінде аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы тазалық мәселесі бойынша аудан депутаттарымен кездесуді жоспарлап отыр. Олай болса бір жағадан  бас, бір жеңнен  қол шығарып, тазалық мәселесіне бір кісідей қарасақ, алмайтын қамал жоқ екенін естен шығармайық. Олай болса, іске сәт!

Назгүл Жәрдемова