16.08.2018, 20:25
Қараулар: 442
Білім саласының жаңа көкжиегі

Білім саласының жаңа көкжиегі

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттың алда жүріп өтер айқын жолын көрсеткен тарихи құжатқа айналды. Рухани жаңғыру — білім саласының жаңа көкжиегі іспеттес. Мақалада көрсетілген «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным — тағдырым» бағыттары бойынша жүзеге асырылады.


Аталмыш бағдарламаны іске асыру мақсатында білім беру ұйымдарында іс-шаралар  жоспары құрылып, 28 шара өткізілді.

«Өңірдің көркі – Ешкітау» атауымен Ешкітауға  аудандық жас зерттеушілер экспедицияға шықты. Жас зерттеушілерге тарихшы Н.Вологин тау аймағындағы ерекше қорғауға алынған өсімдіктерді бақылап, орналасуын, өсуін зерттеп, аймақтың маңыздылығын түсіндірді. Экспедиция кезінде сирек кездесетін өсімдік түрлері, фауна мен флор бағытындағы мәліметтер жинақталып, ауылдың тарихи ескерткіштері таныстырылды.

«Туған жерім – тұғырым» тақырыбында шығармалар байқауы өткізілді. Шығарма өзегі туған жер тарихын қаламмен толғау болатын. Байқауға 300-ге жуық оқушы қатысты. Байқау барысында оқушылар өздерінің туған жер мен елге деген сүйіспеншілігін білдіріп, ойларын нақты жаза білген. Байқау қорытындысы әлеуметтік желіге жарияланып, жүлдегерлер марапатталды.

«Отаныма деген — менің бастамам» атты аудандық шығармашылық жоба байқауы өтті. Қатысушылар майлы бояумен әспеттелген туындыларын ұсынды. Нәтижесінде жаңа инновациялық жобалар жинақталып, балалар көрмесі ұйымдастырылды.

Ал Наурыз айында Амангелді мектебінде өткен «Отаным — тағдырым» атты аудандық «Жас Ұлан» ұйымының патриоттар форумы оқушыларға ерекше серпін берді. TED X — конференция форматында өткізілген форумға ауданның қоғамдық өміріндегі белсенді тұлғалар спикер ретінде қатысты. Жасұландықтармен топтық жұмыс дайындап, жоба қорғады.

Республикалық «ЖасҰлан» бірыңғай жасөспірімдер мен балалар ұйымының аудандық форумы өткізілді. Мектепте және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген оқушыларға құрмет көрсетілді. Форум жұмысы пікір сайыс алаңдарында талқылап, алған әсерлерін туралы ата-аналар жиналысында айтылып, мектептің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында Жәңгір хан атындағы  БҚАТУ-мен үш жақты келісімшарт жасалып, аудан орталығындағы С.Жақсығұлов және Қ.Сәтбаев атындағы мектептің  8-9 сыныптарына факультатив ретінде «Агросынып» сабағы енгізілді. Сабақ аталмыш университеттің аға оқытушысы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Б.Сидиховтың жетекшілігімен жүргізіледі. Оқушылар университетке экскурсияға да барды. Ауыл шаруашылығы мамандықатарының қажзеттілігі туралы айтылды. Иә, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді.

Білім ордаларында домбыра сыныбы ашылып, ұлттық өнерді ұлықтауқайта қолға алынды. Барлық мектепте «Домбыра сыйла» акциясы ұйымдастырылып, домбыра сыйға берілді. 150 бала үйірмеге ерекше ынтамен қатысып келеді.

Аудан орталығындағы Абай алаңында халықаралық балаларды қорғау күніне «Бала — бақыт бастауы» тақырыбымен өнерпаз балалардың шеруі өтті. Балабақша түлектері бастап шыққан шеруге жас барабаншылар, жасұландықтар, спортшылар, жас қозғалыс инспекторлары,  флейташылар мен скрипкашылар ансамблі,  бишілер тобы қосылды. Шеруді 100 оқушыдан құралған домбырашылар  «Жастар биі» және  «Балбырауын» күйін орындап қорытындылады.

Бұдан бөлек, аудандық жас натуралистер мен зерттеушілер слеті,  «Тасқала мақтанышы — Ешкітау» экологиялық-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылды.

А.НАРЫМБАЕВ,

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы