15.08.2018, 20:47
Қараулар: 135
Мерейдегі мерейлі іс

Мерейдегі мерейлі іс

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің рухани жаңғыруының бастауы екендігі даусыз. Аталмыш бағдарламаның негізгі өзегі – елімізде жүзеге асырылып жатырған саяси және экономикалық реформалардың рухани жаңғырумен ұштасуы. Осы орайда, алдымызға қойылған басты міндеттердің бірі – ұлттық кодымызды сақтай отырып, әр қазақстандықтың санасын жаңғырту үшін бірнеше басымдықтарды іске асыру.


Бұл –  үлкен рухани сілкініс. Бір жылдан бері көптен көкейде жүрген маңызды да, ауқымды шаралар жүзеге асырылды.

Мақала жарық көргелі қоғамда ерекше сілкініс пайда болып, түрлі талқылау мен қызу пікір айтылды. Осы үдерістен мерейліктерде шет қалған жоқ. Алғашқы күннен бастап ұйымшылдықпен жүзеге асыруда.

Мерейліктер латын қарпіне көшу арқылы тіл тазалығы мәселесінің шешілетінін, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатынын, түбі бір түркі дүниесімен  рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық тығыз қарым-қатынастың орнайтынын ұғынып, бірауыздан қолдау білдірді. Ауыл тұрғындарына ақпарттық-түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілді.

«Туған жер» бағдарламасы аясында  Мерей мектебінде ұрпақ үшін игі істер жүзеге асып келеді. Солардың бірі — мектеп мұражайының жасақталуы.

Ауылдық кітапханалардың бастамасымен, БҚО білім және ғылым бағытындағы «Ақжол» қоғамдық қорының зерттеуімен округтің тарихы жинақталуда. Аталмыш жинақ жыл соңына дейін оқырманға жол тартпақ.

«Туған жер» бағдарламасының аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Жерлестер форумы» өткізілуде. Округте 25 мамыр күні  жерлестер басқосты. «Мерейлі мекен – Мерейім» атауымен өткен форумға Мерей (бұрынғы атау Шипов) мектебінің 1978 жылғы түлегі, алғашқы «Алтын» медаль иегері Г.Тұрғаналиев,  еңбек ардагері, Ленин орденінің иегері М.Хасанов, тыл ардагерлері, 10, 20, 40 жыл бұрын мектеп  бітірген түлектер, түрлі салаларда қызмет атқарған  азаматтар, ардагер ұстаздар Р.Калмаева, Л.Шукеев, шаруа қожалық басшылары, ауыл тұрғындары келді.

Форумның пленарлық отырысында түлектер ауылдың бүгінгі тынысы мен тіршілігін, әлеуметтік жағдайын сөз етті. Отырыста жерлесіміз Лапшин Сергей Владимировичтің демеушілігімен бой көтеріп жатқан стадионның жобасы таныстырылды. Аталмыш жоба екі жылға жоспарланған. Өткен жылы басталған құрылыстың құны 6 млн. теңгені құрайды. Қуанышты күн де алыс емес. Қыркүйек айында ел игілігіне берілмек. Форум аясында мектеп оқушылары ауылдың болашақ бейнесінің макетін таныстырды.

Сонымен қатар ауыл азаматтары мен түлектердің ұсыныс-пікірлері талқыланып, түлектер тарту-таралғыларын ұсынды. 1978 жылғы түлектер мектептегі домбырашылар ансамбліне 10 домбыра сыйға тарса, мектептің алғашқы «Алтын» медаль иегері Ганмирлан Тұрғаналиев өзінің «Алтын» медалін мұражайға табыс етті. 1979 жылғы түлектер атынан сөйлеген С.Тинишева музейдің жөндеу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді. 1998 жылғы түлектер ауыл көшесіне демалыс үшін арналған  20 отырғыш орнатып,  40 қарағай көшетін егетіндіктерін айтты. Ауылдың тағы бір түлегі Дәурен Мұқанов ауыл жастарына  волейбол және футбол добын сыйға тартты.

Тағы бір іргелі жоба – Бақалы көлін кеңейтіп, балық өсіру. Құны 7 млн. теңге жоба қазан-қараша айларында аяқталады деп жоспарлануда. Мерей аудандағы табиғаты көркем округтердің бірі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енетіндей қасиетті жерлері болмаса да, «Бестерек», «Қызылағаш», «Тоқымай» сынды табиғи ескерткіштері, тарихи-архоелогиялық маңызы бар обалары, сырын ішіне бүгіп жатырған «Ақбас» қорымы бар.

«Ақбас»  қорымындағы құлпытаста 1912 жылы қойылған, Қызылқұрттың Ерші тайпасының азаматы болуы мүмкін, 56 жасында марқұм болған деп жазылған. Оқыған Қазбек Құттымұратұлы.

Сонымен бірге мектептің «Өлкетану»  үйірмесінің  мүшелері  шілде айында «Хан ордалы–Сарайшық» қорық музейінде болып, «Алтын Орда», «Қазақ хандығы», «Ноғайлы» дәуірлерінің тарихына қанығып қайтты.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына үн қосумақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып,  Тоғайлы ауылының «Бестерек» тоғайында ашық аспан аясындағы «Бабадан қалған бар байлық» атты фестиваль өткізілді. «100 жаңа есім» жобасын насихаттау бағытында мектеп және ауыл кітапханаларында көрмелер, жасақталып білім беру нысандарында шаралар ұйымдастырылды.

Бұл мерейліктердің жеті ай ішінде атқарған жұмыстары. Болашақта атқаратын шаруалар легі аз емес. Жоғарыда айтылған екі жобаның халық игілігіне берілуі, ауыл тарихына арналған кітапшаның жарық көруі, ауыл азаматтарының қайырымдылық шаралары ұлттық рухымызды оятып, санамызға сілкініс беретін дүниелер деп ойлаймыз.

М.НӘРІКОВ,

                                                                                  Мерей ауылдық округінің әкімі