6.09.2018, 18:27
Қараулар: 469
Домбыра үйірмесі ашылды

Домбыра үйірмесі ашылды

  1 қыркүйек білім күні  Қосшы ауылдық округіне қарасты Оян орта мектебінің жанынан домбыра үйірмесі ашылды.


Оған аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Г.Батырғалиева, округ әкімі Г.Мұхамбетқалиева, мектеп директорының  міндетін атқарушы А.Хойрашевамен ардагер ұстаздар қатысты.

Айта кету керек мамыр айында  Елбасының «Болашақққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы ұйымдастырылған болатын. Сол шарада    осыдан  25, 40 жыл бұрын мектеп бітірген  түлектер  20 домбыраны алтын ұяларына тарту еткен еді.

Міне, соны пайдаланып жаңа оқу жылында домбыра үйірмесі қолға алынды. Оған мектептің жас маманы, музыка пәнінің мұғалімі   М.Еслашев жетекшілік етеді.

Аталмыш үйірме оқушыларға  домбыраны тартып үйретуге, сол арқылы  ұлттық үрдістерімізді олардың бойына сіңіруге, өнерге деген қызығушылығын арт­тыруға септігін тигізеді.

Шара барысында  үйірме мүшелері жиналғандарға  «Адай», «Балбырауын», «Тепен көк»  күйлерін  күмбірлете орындап,  өз өнерлерін көрсетті.

 

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы